Кеше, 16 қаңтар Орал қаласының тұрғындары Назгүл Аленова мен Ерік Жұмабаев жеке-жеке пикет өткізді. Екеуінің талабы форма тұрғысынан екі басқа болғанымен, көтерген негізгі мәселесі «биліктің азаматтық қоғам үніне дер кезінде құлақ асуы». Айтпақшы, президент Тоқаев үш принциптен тұратын «Халық үніне құлақ асатын мелекет» тұжырымдамасын айтып жүргеніне бірнеше ай болды.
Өңір тұрғыны Назгүл Аленова қала орталығындағы Мәншүк Мәметова алаңына барып, қолына «Тұтас биліктің ауысқанын қалаймын» деген жазуы бар плакат ұстап шықты. Азаттықтың айтуынша, жүйенің жаңаруын қалайтын азамат өз пікірін ашық айтуға хақы бар екенін жеткізген.
Назгүл Аленова «Мен тұтас биліктің ауысқанын қалаймын, себебі барлық мемлекеттік органдар, мекемелер, судьялар, депутаттар билікті заңсыз басып алған. Тоқаев та сол. Ешкім Тоқаевты сайлаған жоқ. Қазір барлық заңдар қарапайым халықтың мүддесіне қарама-қайшы. Сондықтан Тоқаевтың отставкаға кеткенін қалаймын. Ол отставкаға кетсін деп талап етемін»,– деген.
Көп өтпей белсендінің жанына бір ер адам келіп, өзін ішкі саясат бөлімінің қызметкерімін деп таныстырған. Шенеунік аталған акцияның «заңсыз екенін, оны биліктің рұқсатынсыз өткізіп жатқанын» алға тартыпты. Бірақ белсенді Конституцияны жақсы білетінін және заң аясында әрекет етіп жатқанын айтты. Сондай-ақ Аленованың сөзінше, ол ешбір партия немесе ұйымға мүше емес, жай ғана азматтық қоғам өкілі. Жарты сағатқа жуық уақытқа созылған акцияда белсенді ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте болғанын, соңғы жылдары жұмыстан босап, азаматтардың құқығының бұзылуына бейжай қарай алмайтынын жеткізді.
Дәл осы күні азаматтық белсенді Ерік Жұмабаев та қолына «Маған ҚДТ («Қазақстанның демократиялық таңдауы») бағдарламасы ұнайды» деген сөз жазылған плакат ұстап алаңға келген. Оның шығып жүрген бірнеше күн болған. Дегенмен белсендінің айтуынша, оның аталған ұйымға еш қатысы жоқ, оған мүше емес.
Соңғы жылдары елде көпшілік митинг пен пикеттер көбейген. Тоқаев президент болғалы бері азаматтардың еркін пікір білдіруге құқығы бар дегенімен, шеру-пикетке шыққан белсенділер қуғынға ұшырауы тоқтар емес.