«Азия Ньюс» газетінің бас редакторы Асланбек Сартбаев 15 қаңтарда әскери прокуратурада бес сағат бойы тергеліп шыққан. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.
Әскери прокуратура мәліметінше, Сартбаевты елдің вице-премьер-министрі Жениш Разаковқа қатысты сыни мақалаға байланысты шақырған.
Сартбаевтың өзі Азаттыққа берген сұқбатында тергеушілер 5 сағат бойы сұрақ қойғанын айтты. Бірақ тергеу ісінің құпиялығына байланысты қандай іс бойынша шақырылғанын айтпады. Журналист тек «Азия Ньюс» газетінде жарияланған мақала бойынша екенін атап өтті.
«Сұрақтар менің журналистік қызметіме байланысты болды. Бес сағат бойы отыру мен үшін моральдық жағынан және психологиялық жағынан да қысым болды», - деді Сартбаев.
Вице-премьер-министр Жениш Разаков осыған дейін «Азия Ньюс» газетімен соттасқан. Ол өзінің Тәжікстан арнайы қызметімен байланысы бар деген мақала үшін 10 млн сом өтемақы талап етті. 2019 жылдың қараша айында сот арыз берушінің талабын қабылдап, газетке 1 млн сом (14 мың доллар) айыппұл салған.