Бүгін Қазмедиа орталығының күзет бөлімінің қызметкерлері Власт басылымының астаналық бюросының жетекшісі Тамара Ваальді қоршап алып, қолын қайырып доқ көрсеткен.
Vlast.kz интернет-журналының хабарлауынша, Қазмедиа орталығындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингтен соң вице-премьер Роман Склярдан пікір алмақ болған журналисті екі күзетші жалма-жан ұстап, қолын қайырған.
«Мен әріптестермен бірге брифинг біткен бойда Нұрлан Жұмасұлтановтің «Bek Air»-ға ресми қатыстылығы және оның неліктен әуекомпания атынан мәлімдеме жасағаны жайлы Роман Склярдың пікірін білуге тырыстық. Дегенмен полиция формасындағы және іскерлік үлгіде костьюм киген екі күзетші бізге бөгет жасады. Кедергіден өтуге тырысқаным сол екен, олар бірден шап беріп ұстады да, қолымды қайыра бастады.
Босап шығуға әрекеттеніп жатқан кезімде, әріптесім сытылып үлгеріп, үкімет бастығының орынбасарын қуып жете білді. Әлгілер әріптесіме қарай бергенде мен де қашып шықтым», – дейді басылым журналисі.
Сондай-ақ, редакция Қазмедиа орталығы мен Орталық коммуникациялар қызметінің басшылығына тілшінің «қоғамды маңызды оқиға туралы хабардар ету» міндетін еске салып, қажет деп тапқан сұрағын спикерге тек ресми жиында ғана емес, кез келген жерде, соның ішінде Қазмедиа ғимаратының дәлізінде де қоя алатынын ескертті.
Сонымен қатар басылым Қазмедиа орталығының қауіпсіздік-күзет қызметі журналистің кәсіби міндетіне физикалық түрде кедергі келтіруін «жол беруге болмайтын» әдіс деп санайды. Және редакция өз мәлімдемесінде еліміздің медиахабы атануды көздейтін орталық басшылығы жәбір көрген журналистен кешірім сұрауын, әрі күзет қызметінің қолдануға болатын амал-әрекетінің нұсқаулығы туралы толық ақпар беруін талап еткен.
Жалпы Қазақстанда журналистердің кәсіби қызметіне қатысты қысым жиі жасалады. Былтыр саяси өзгерістер кезінде көптеген митинг-жиындарда тілшілердің түсірілім-эфир жұмысына әртүрлі әдіспен кедергі келтірген. Камера көзін газет қағазымен, қап-қара қолшатырмен көлегейлеу әрекеті де көп кездесті. Тіпті жазда Азаттық, Алматы.тв журналистері мен операторына жұрт аузында «ішкі саясаттың жансыздары» делінетін «тетушкалар» тобы тап беріп, шабуыл жасаған еді. Қазір камера-микрафонды сындырып, тілшіге тұра ұмтылған «мемлекетшіл әйелдерге» қатысты қылмыстық істің ізі түгіл, дерегі де жоқ.
Маусымда болған президентті сайлау оқиғасынан кейінгі санкцияланбаған шерулердің бірінде Tengrinews.kz тілшісін арнайы жасақ сөзге келместен күш көрсетіп, соққыға жыққаны көптің есінде болса керек.
Тағы бір «ілгек» мәселе, отандық БАҚ-тың «басқаша ойлатын» мамандарына қарсы ҚК-тің «жала жабу» және «қорлау» баптарын таңу техникасы жиі қолданылады. Күні кеше ғана әлеуметтік желідегі жазбасы үшін 27 айға сотталып, нақақтан нақақ төрт ай түрмеде отырған өңір (Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы) журналисі Амангелді Батырбеков халықаралық адам құқықтары ұйымдарының қайта-қайта араласуымен облыстық сот үкімімен ақталды. Сондай-ақ, жуырда тікелей эфирде сарапшының сілтемелі сөзіне бола сотқа шақырылған қоғам белсендісі, журналист Сәуле Әбілдаханқызының үстінен арызданған белгілі кәсіпкер Арман Шораевтың 10 миллион теңге өтемақы туралы талабы қараусыз қалған болатын.
RSF халықаралық ұйымының рейтингісінде Қазақстан сөз бостандығы бойынша 180 елдің ішінде 158-орында тұр. Сондай-ақ «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қорының есебінше, «Журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» реестрінде ХХІ ғасыр басталғалы бері, 2000 жылдың қаңтары-2019 жылдың қыркүйегі аралығында тілшілер жұмысына 839 кедергі келтіру фактісі тіркелген.