Қазақ баспасөзіндегі орны бөлек дарынды журналистердің ұстаханасына айналған қара шаңырақ басылымы, «Жас Алаш» газетіне бас редактор болып келген журналист Инга Иманбай арнайы пікір білдірді.

Бұған дейін бірнеше жыл бойы шығармашыл журналист, соңғы үш жыл бойы қиын жағдайдағы газетті көтеріп, редакторлық қызметте болған Руслан Ербота да жемісті еңбек еткенін хабарлаған едік. Бұрынғы редактор Руслан Ербота кеше facebook желісіндегі жеке парағында «газет тиражын құлатпай ұстауға» тырысқанын, «сайттың күндік оқылымын он мыңнан асырғанын» еске алып, пікір білдірген болатын:

«Газеттің ендігі бағыты, тағдыры қалай боларын, жаңа редакторы «Жас Алаштың» дәстүрін сақтар-сақтамасын, листовкаға айналар-айналмасын немесе бір партияның қол шоқпары болар-болмасын және де басқаларын енді акционер біледі. Газеттің ендігі бас редакторы және спонсоры Инга Иманбай», – деді ол.

Бұл туралы тосын шешімге таңырқаған газеттің экономика бөлімінің жетекшісі Елнұр Бақытқызы Азаттыққа берген коментарийінде «Бұрынғы бас редактор Руслан Ербота газетті өте қиын жағдайда алды. Басылымның қаржы жағдайы өте тұрақсыз болды. Сайты мүлде жұмыс істемейтін. Ал қазір сайтқа күніне 10 мың оқырман кіреді. …Мұндай еңбекті елеп-ескермей, адам сияқты шығарып салмай, алғыс айтпай, түсіндірмей, күтпеген жерден басқа адамды әкеліп қоя салу бұл адамгершілікке жатпайды. Бұл ұжымды сыйламау, жүз жылдық тарихы бар газетті сыйламау» деген.

Тіпті 18 мыңдық тиражбен тарайтын газет ұжымы «күтпеген жерден газеттің бас редакторын ауыстырған құрылтайшылардың әрекетіне» қарсылық ретінде бүгінгі бейсенбілік нөмірін шығарудан бас тартқан.

Түстен кейін жаңа тағайындауға қатысты Инга Иманбай өзінің facebook  желісіндегі жеке парағында «атап айтатын мәселе – «Жас Алаштың» Жанболат және басқа да азаматтар құрып жатқан Демократиялық партияға еш қатысы жоқ, болмайды да» және «газет ешкімге де сатылған жоқ» деп кесіп айтты. Басылып келе жатқанына ендігі жылы ғасыр толатын «Жас Алаш» газетінің жаңа редакторы Инга Иманбайдың жазбасы:

Қадірлі достар!

«Жас Алаш» газетіне бас редактор болып тағайындалдым.

Менің де журналистік жолым, қызметім «Жас Алаштан» басталып, осы ұядан қанат қақтым.
Менің айтатыным: «Жас Алаш» бұрыннан дәстүрі қалыптасқан, ақиқатшыл, шындықты жазатын, қашан да халық жағында болған абыройлы басылым. Ол жерге бас редактор болып тағайындалуым – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі сын. Ендігі мақсатым – «Жас Алаштың» ақиқатшыл жолын жалғастыру, Алтынбек Сәрсенбайұлы ағамыздың саяси мұрасын қалың көпшілік арасында кеңінен насихаттау және ол кісі армандаған әділетті Қазақстанды орнатуға үлесімді қосып, басылымды жаңа деңгейге көтеру.
Интернетте көріп отырмын – «газет сатылыпты-мыс, партиялық басылымға айналады» деген алыпқашпа әңгіме жүр. Бірден айтайын: газет ешкімге де сатылған жоқ. Мені бұл басылымға шақырған «Жас Алаш» басшылары мұны ашық айтты және басты талаптары –  газетті елдегі ең мықты тәуелсіз ақпарат құралына айналдыру. Газеттің редакциялық саясатының ұстанымдары күшейеді, шындық та, ақиқат та айтылады. Сараптамалық материалдарды, авторлардың санын көбейтеміз. «Жас Алаш» халықтың ортасында жүрген, барлық маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерді қозғайтын басылым ретінде қалады, мүмкіндігінше, оны одан да биік белеске көтеруге тырысамыз!
Атап айтатын мәселе – «Жас Алаштың» Жанболат және басқа да азаматтар құрып жатқан Демократиялық партияға еш қатысы жоқ, болмайды да. «Жас Алаш» қашан да халықтық, елдік басылым болды, оны бір партияның я қозғалыстың газетіне айналдыруға ешкім де жол бермейді. «Жас Алаш» барлық ұйымдар мен қозғалыстарға, азаматтарға тең қарайды, бірде-бір ұйымның сойылына айналмайды! Демократиялық партия онсыз да ақпарат кеңістігінде белсенді, әлеуметтік желілер, интернет арқылы өз идеяларын таратып келеді. «Жас Алаш» қашан да ақпаратты объективті түрде берді, сол жолдан айнымайды. Ол негізгі әрі басты мәселе деуге болады.
Сонымен бірге «Жас Алаштың» әлеуметтік желі мен интернеттегі белсенділігін арттырамыз. Оған қатысты да бірқатар идеялар мен жобалар бар. Болашақта оның бәрін қоғамның назарына ұсына жатармыз.
«Жас Алашта» қандай тақырыптар қозғалғанын қалайсыз? Қандай авторларды көргіңіз келеді? Идеяларыңыз бен ойларыңыз болса, жазыңыздар, бөлісіңіздер. Біз қашан да қоғамға ашықпыз.

"The Qazaq Times"