Қазақстанда бір жылдың өзінде екі мыңнан астам жемқорлық ісі қозғалады. Сонымен қатар шамамен 1 200-ге тарта адам қылмыстық жауапқа тартылады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов: «Дәл қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бүгінде 65 қылмыскерді іздестіріп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты бұл адамдардың арасында 33-і шетелде жасырынып жүр», – деді.

Өткен жылдың соңында Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің (ГРЕКО) артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданған болатын. 9 қаңтарда Қазақстан Еуропа кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО) бастамасына қосылды. Бұл жөнінде мәлімдеме жасаған О.Бектенов: «Бірінші кезекте, Еуропа Кеңесі сарапшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға үнемі мониторинг жүргізіп түрады. Бұл тұрғыда әлемдік үздік тәжірибелерге, халықаралық нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестік бағыты назарда болады. Мониторингтің әрбір раундының қорытындысы бойынша елімізге тиісті ұсыныстар жасалады, яғни жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тиімділігін арттыру мақсатында заңнамаға өзгерістер немесе ұйымдастыру шараларын қабылдау қадамдары пысықталады», – деді.

Негізінен ГРЕКО-ға қосылу Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенциясын ратификациялауға жол ашады. Бұл өз кезегінде қылмыскерлерді экстрадициялау, олардың заңсыз тапқан мүлкін қайтару мәселелері бойынша Еуропа елдерімен ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.

 

"The Qazaq Times"