Алматы қаласының полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл қаңтардан бастап көше бойында «Сергек» бейне бақылау жүйесі жетілдіріліп, қосымша жүздеген камера орнатылады. Нақтырақ айтқанда, 1 қаңтар жаңа 400 камера іске қосылды.
Камералар рұқсатты жылдамдықты арттыру, қызылға өту, жол белгілері мен жолақтарының талаптарын бұзу, рұқсат етілмеген жерде тоқтау мен тұру және автобус жолағымен жүру сияқты ереже бұзушылықтарды тіркеп, көлік иесіне айыппұл жазып бере алады.
Жол ережесін бұзу деректері 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркеле бастайды. 100 бұрылысқа әрқайсысы 4 камерадан тұратын бақылау комплексі қойылған. Бір астананың өзінде 2018 жылы алғашқы он айда мемлекеттік бюджетке жалпы сомасы 1 миллиард 270 миллион теңге, ал 2019 жылдың он айында 5 миллиард теңге көлемінде қаржы түскен.
Құзырлы орган өкілдері «Сергектің» арқасында жол апаты сиреп, зардап шегушілердің айтарлықтай азайғанын айтады. Ал көпшілік мұны «заңды тонаушылық» деп санайды. http://sergek.kz/ сайтында ақпарат тек орыс тілінде берілген. Алматы қаласында орнатылған «Сергек» камералары геолокациясын мына картадан көре аласыз:
Аталған бақылау жүйесі 2017 жылы Астана қаласының инвестициялар және даму басқармасы мен «Астана Innovations» АҚ және «Көркем Телеком» ЖШС-нің арасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жоба ретінде жүзеге асырылған. Ашық дереккөздегі Есеп.кз (uchet.kz) контрагенттерді тексеру сервисінде жобаға жауапты компания, Әсет Ахметов басшылық ететін «Көркем-Телеком» ЖШС-і 2018 жылы 72,7 миллион теңге салық төлеген. Ал Арыстан Қазжанов иелігіндегі «Астана Innovations» АҚ жоба басталған жылы, яғни 2017 жылы жалпы жиыны 232 миллион, 2018 жылы 138,9 миллион теңге салық төлеген.