Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" құқық қорғау ұйымы WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Жулиан Ассанжды Лондондағы абақтыдан босатуға шақырды. Бұл туралы Орталық Азия Жаңалықтар қызметі жазды.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Ассанждың денсаулығы нашарлап кеткен. Осыған байланысты ұйым АҚШ-қа өтініш жасап, WikiLeaks сайтының негізін қалаушыдан барлық айыпты алып тастап, оны экстрадициялаудан бас тартуға шақырған.

Вашингтон Пентагонның жасырын құжаттарын заңсыз алу және жариялау бойынша тағылған айыптар негізінде Ұлыбританиядан Ассанжды экстрадициялауды талап етіп жатыр. Құрама Штаттарда ол 175 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бір ай бұрын ондаған дәрігер абақтыда Ассанждың өміріне қауіп бар екенін, ол медициналық көмекке мұқтаж екенін мәлімдеген.

Ассанж 2012 жылы "Зорлау" бабымен айыпталып жатқан Швецияға экстрадициялаудан қашып, Эквадордың Лондондағы елшілігінде уақытша баспана сұраған. Биыл сәуірде Эквадор оны беруден бас тартқан соң, британ полициясы оны қамауға алған.

Қарашада Швеция прокуратурасы Ассанждың ісін сотқа жіберуге дәлел табылмағандықтан тергеу ісін тоқтатқан.

Мамыр айында БҰҰ баяндамашысы Нильс Мельцер түрмеде WikiLeaks сайтының негізін қалаушысы психологиялық қысымға тап болып жатқанын мәлімдеген.

"The Qazaq Times"