Қоғам, Түркістан әкімі, екі министр және басқа да мекемелер араша болып жүріп, подполковник мұғалімнен «заңбұзушылығы» үшін кешірім сұрады.
Мектеп әжетханасына «күзетке тұрмадың» деп оқушы-ұстаздардың көзінше мұғалімнің қолынан қайырып алып кеткен полиция департаментінің бастығы мен оның нарядының әрекеті қоғамда қызу талқыланды. Аяғынан су өтіп кеткендіктен, ауыстыруға «кестедегі кезекшілік» кезінде ғимаратқа кірген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бахыт Манасұлына қалалық полиция басқармасының бастығы Данияр Мейірханның «дөрекілік танытқаны» көпшіліктің ащы сынына ұшырап еді.
Бүгін білім министрі Асхат Аймағамбетов өзінің facebook парағындағы жазбасында мұғаліммен жеке сөйлескенін, жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді. Еліміздің бас мұғалімі «ведомство тарапынан «абыройына нұқсан келген» мұғалімді қорғау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатынын» және «оқиғаға қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тартуды талап ететінін» жеткізді. Артынша кешкілік уақытта Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов пен бірқатар белсенді азаматтар әлеуметтік желіде полиция подаолковнигі ұстаздан кешірім сұрап, кикілжіңдескен екі тараптың татуласқаны туралы хабар таратты.
Мәдениеті мен тарихы тек бір өңірге ғана емес, күллі түркі жұртына ортақ көне шаһардың әкімі «мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін барлық амал жасалатынына» уәде берді. Ал жағдай куәгерлері қаладағы жауапты мекемелері (білім басқармасы, әкім аппараты, білім бөлімі, полиция департаменті) «мұғалімнің жанынан бір елі қалмай қаумалап жүріп кешірім алуға жетіскен» дейді.
Түркістан облысының полиция департаментінің хабарлауынша, «Данияр Мейірханға қатысты қызметтік тексеріс жүргізілуіне байланысты облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен ол жұмысынан уақытша шеттетілген». Сондай-ақ құзырлы органның хабарламасында «тексеру жұмыстарыішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаевтың жеке бақылауында» делінген.
Екі министр бақылауына алған істің шешімі жайында күндіз Түркістан облысының білім басқармасының өкілі Рахымбек Жолаев «полиция қызметкерлерінің рұқсатсыз рейд жүргізгенін» және бұған басқарма «жариялы түрде кешірім сұрайтынын», жауаптыларға «тиісті шара қолданылатынын» жеткізіп еді. Бірақ бітім жабық түрде өткен. Азаматтық қоғам өкілдері «заңбұзушылықтың» тікелей эфирде дүйім жұрттың алдында болғандықтан, кешірімді де бейнежазба түрінде сұрасын деген талап қоюда. Олар мұның өзге шенеуніктерге сабақ болатынын алға тартады.
Кеше, желтоқсанның 13-і Түркістан қаласының М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясында жергілікті полицей мен мұғалім арасында сөзталас туып, ел ішінде қызу талқыланғанын айта кеткен жөн.