Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Қазақстаннан «қазақ-қытай шекарасын кесіп өтті» деп айыпталған шыңжаңдық екі этникалық қазақты Қытайға қайтармауды талап етті.
Ұйымның көзқарасы бойынша, Қазақстан билігі Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын қамаудан тез арада босатып, олардың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқатуы керк. AI Қазақстан екі қазаққа құқықтық көмек көрсетіп, босқын мәртебесін беруі керек деп санайды.
Азаттықтың хабарлауынша, ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Хеза Макгилл «Қазақстан Босқын мәртебесі Конвенциясына сай, қуғын мен қинау қаупі төнген елден қашқандарға көмек көрсетіп, адам құқығы бойынша халықаралық міндеттерін орындауға міндетті», – деген.
Әзірге белгілісі, қаумауда отырып «пана іздеуші тұлға» куәлігін алған екі қандастың адвокаты Ләззат Ахатованың сөзінше, олардың Қытайдағы туыстарына қысым көрсетіліп жатыр.
14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» мәлімдеген. Осыдан кейін ҰҚК екеуін «шекараны заңсыз кесіп өтті» деген айыппен ұстап, ертеңінде Шығыс Қазақстан облысына алып кеткен.
Қазан айының 30-ы күні ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекараны заңсыз бұзып өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын және бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын хабарлаған. Желтоқсанның басында ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов сот ісі аяқталғаннан кейін шекараны заңсыз бұзып өткен екі этникалық қазақ Қытайға қайтарылатынын мәлімдеген еді. Бұған қоғам тарапынан қызу талқыға түсіп, күштік құрылымдар мен билік қатты сынға ұшырады. Бірақ артынан Дархан Ділманов «ел менің сөзімді дұрыс түсінбей» қалды деп, қайта түсіндіруге тырысқан болатын.
Екі жігіттің адвокаты Ләззат Ахатова Қазақстан билігі оң шешім таппаған жағдайда 10-15 шақты ел оларға «пана болуы мүмкін» екендігін, ол үшін арнайы келіссөздер жүріп жатқанын мәлімдеген еді. Сондай-ақ қарашаның басында Қазақстандағы АҚШ консулдығы «ел үкіметін халықаралық конвенцияда бекітілген кері қайтармау қағидасын сақтауға шақырып», «пана іздеген ешбір адам белгісіз тағдыр күтіп тұрған елге мәжбүрлі түрде кері жіберілмеуі тиіс» деген.
8 желтоқсан АҚШ-тың Нью Йорк қаласындағы БҰҰ ғимараты алдында өздерін «Еркін қазақтар» («Free kazakhs») саяси қозғалысы деп атайтын бір топ наразылар басқа ұйымдармен бәрге Адам құқықтары күніне орай «Қытай экспансиясына қарсы» және «екі этникалық қазақты қайтармау» жөнінде митинг өткізді.
Қазанның 4-і Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Шыңжаңдағы лагерьлерде қазір қазақтар жоқ» десе, 4 желтоқсан президент Тоқаев Германияға жұмыс сапары қарсаңында Deutsche Welle телеарнасына берген сұқбатында халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, «Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталығында бірді-екілі ғана қазақ отырған болар» деген. Алайда тек Қазақстанның өзінде қоғамдық құқық қорғаушы ұйымдардың өзіне мыңнан аса арыз-өтінімдер келіп түскен.