Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың Ғарыш күштері Ресейдің мүддесіне қауіп төндіреді деп мәлімдеді. Тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ Ғарыш күштерінің алтыншы бөлімін құрып, оны ғарыш бағытында жұмыс алып барады деп мәлімдеген болатын. Кезекті мәлімдемесінде президент Путин Ресейдің де ғарышта әскери операция жүргізуге қаблетті күштерді дайындауы керектігін айтты.
АҚШ пен Ресейдің ғарыш күштерін құру әрекеті Қытайдың спутник және зымыран бағдарламаларына орай жасалғаны анық. Жер планетасында әлеуетті күшке ие бұл үшеуі енді ғарыш кеңістігіндегі мүдделері үшін бәсекеге түсе бастағаны байқалады. Лестер университетінің ғарыш соғысы жөніндегі маманы Бледдин Бовен Қытайдың ғарыш бағдарламасында жоғары мүмкіндіктерге ие бола бастағанын айтады. Оның айтуынша АҚШ-тың «Ғарыш күштерін» жасақтауы Қытайға жауап беру мақсатында құрған.
2017 жылы Қытай ғарыш кеңістігінде спутниктерді жойып жібере алатын зымыранын табысты сынады. Мәліметтердің аз болғанына қарамастан АҚШ пен Ресейде де осындай зымыран жасап шығарғанын, сондай-ақ, лазерлік қаруларды да сынақтан өткізгенін мәлімдеген.
АҚШ-тың Ғарыш күштері құрылатынын мәлімдеген кезде, бұл жаңа армия күштерінің қандай болатыны анық емес еді. Бірақ, президент Трамп оның АҚШ-тың Әуе күштерінен де қуатты болатынын айтты. «Америкалықтар ғарышқа жетіп қана қоймай, ғарышта үстемдік қылуы керек», – деген АҚШ президенті. Бұған қоса ол Құрама Штат Айға қайта ғарышкер ұшыруды, Марсты отарлауды қолға алатынын айтқан. Осының бәрінде Трамп Ғарышты игеруде Ресей мен Қытай емес, Құрама Штаттардың көшбасшы болуы керек деген ойды айтқысы келеді. Бұның өзі кезіндегі «Қырғи-қабақ соғыс» жылдарындағы жарыстарға ұқсап кетеді.
Шын мәнінде, Ғарыш кеңістігін адамдар ең алдымен әскери мүдделер үшін аша бастағанын мойындаған жөн. Технологиялардың дамуымен азаматтық қолданысқа енген интернет, GPS жүйелерінің бәрі дерлік алғашында әскери істердің қажеттілігіне сай дамытылған болатын. Соңғы жылдары бұл салаға коммерциялық бағыттағы жобаларда араласа бастады. Айталық, Илон Масктың SpaceX компаниясы НАСА-ға бәсекелес жеке меншік ғарыш компаниясы. Тіпті, оның кейбір жетістіктері NASA-ны да тәнті етеді.
Ең қызығы мынау, жарты ғасырдан астам уақыт тоқтап қалған Айға адам ұшыру, Марсты отарлау идеялары соңы жылдары қайта жандана түсті. Өткен ғасырда АҚШ пен Кеңес одағы бастаған «Қырғи-қабақ соғысы» кезінде екі держава ресурстық, экономикалық шығындарға қарамастан «жата кеп жарысқан» еді. Ортада ғарышқа ат ізін салу сиреп кеткен. Бірақ, соңғы жалдары бұл үрдіс қайта күшейді. Осыған қарап көптеген күдікті ойлар көпті мазалайды. «Бұлар не біліп ғарышқа шабылып жүр?» деген. Шынында мына әлемде билеуші таптарға ғана мәлім, қарапайым Жер тұрғындары білмейтін әлде бір дағдарыс басталып кетті ме? Әлде, Күн жүйесінде табылған бай бағалы металл қорына қожа болғысы келе ме?