АҚШ Өкілдер палатасы Ресей агрессиялық саясатын тоқтатпайынша, «Үлкен жетілік» саммитіне мүше болмайтынын мәлімдеді. Осыған байланысты қабылданған жаңа қарарға екі партияның 339 конгрессмені қолдап, ал 71 республикашы қарсы қол қойған. Аталған құжат заң шығарушы органның төменгі палатасының сайтында жарияланды.
Қарарда «Өкілдер палатасы Ресейдің Украинадағы агрессиялық іс-әрекеттерін қоса алғанда, Қырымды аннексиялап алуы және хаңсыз түрде жалғасып жатқан тұрақсыздандыру әрекеттерін ашық айыптайды. Өз көршілерінің аумақтық тұтастығын құрметтемейінше және демократия стандарттарын ұстанғанға дейін Ресей Федерациясы саммит құрамына кірмейді» деп жазылған. Құжатта Батыс елдері Украинадағы жағдай үшін Ресей билігін кезекті рет сынға алған.
РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге: «Ресей үшін G8 форматына оралу мақсат емес, себебі көптеген мәселелерді G20 форматында шешу тиімді. Сонымен қатар, ресейлік көшбасшы Владимир Путин басқа елдермен кез келген форматтағы қарым-қатынастан бас тартпайды», – деді.
«Үлкен жетілік» тобы– Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, АҚШ, Франция және Жапония кіретін экономикалық дамыған елдердің бірлестігі. G7 форматының кездесуі 1976 жылдан 1997 жылға дейін болған. Ресей бұл топ құрамына енгеннен кейін ол G8 деп аталды. 2014 жылдың наурызда Украинадағы қақтығыстар, АҚШ пен Еуропаның Ресеймен қарым-қатынасы дағдарысқа ұшырағаннан кейін, бірлестік қатысушылары Ресейді құрамынан шығарды.
Ресей 2014 жылы наурызда Қырымды аннексиялаған. Мәскеудің бұл әрекетіне Украина, АҚШ және Еуропалық одақ құрамындағы мемлекеттер қарсылық білдіріп, Ресейді «агрессиялық саясат ұстанатын мемлекет» деп атаған. Әлі күнге дейін АҚШ, ЕО, Түркия, Украина Қырымды Ресей жері ретінде мойындамайды.