Әлемдік Антидопинг агенттігі Ресейді халықаралық спорт жарыстарынан 4 жылға шектеу туралы ұсыныс білдірді. Бұған Мәскеудің антидопинг лабораториясындағы мәліметтерді жасыру ісі себеп болған.
Аталған агенттіктің атқару комитетінің жиыны 9 желтоқсан күні Парижде өтпек. Танымал әрі ықпалды басылым The New York Times болса, атқару комитеті агенттіктің ұйғарымын қабыл алуы мүмкін екенін жазған. Агенттіктің ұсынысында Ресей спортшыларын 4 жыл бойы халықаралық жарыстарға қатысуына шектеу қою, тек «таза спортшылар» ғана қатысуына мүмкіндік беру, оның өзінде Ресейдің әнұраны мен туын қолданбау сынды ұсыныстар да қарастырылған.
Бұл әлем чемпионаттарында және олимпиада ойындарында Ресейдің туы көтерілмейді дегенді білдіреді. Сонымен қатар Ресейде өткізу жоспарланған бірқатар халықаралық жарыстар басқа елдерге берілуі мүмкін. Айталық, футбол бойынша Еуропа чемпионатының (2020 жылы) Ресей қалаларында өтетені жарыстары, Чемпиондар лигасының финалы (2021), Волейбол бойынша әлем чемпионаты (2022), Универсиада (2023), Хоккей бойынша әлем чемпионаты (2023), «Формула-1» және өзге де бірқатар белдесулер басқа елдерге берілуі мүмкін.
Былтыр өткен Олимпиада кезінде Ресей спортшыларына өз мемлекетінің туы алдында белдесуге шектеу қойған болатын. Кейбір зерттеулер Ресей спортшыларының допинг қолдану салыстырмасы әлемнің алдынғы қатарында тұрады деп көрсеткен.