Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев жаңажылдық шыршаларды орнатуға және безендіруге бюджеттен 37 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді.
Шенеуніктің сөзінше, биыл шыршаларды орнатуды «Керуен Фараб сауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып алған. Бұл компания барлық жұмысты 21 миллион теңгеге жасап беретінін айтқан.
«Бұл сомаға бәрі кіреді. Атап айтқанда, шыршаны сатып алу, оны безендіру, ілетін ойыншықтары бар. Былтырдан қалғандарын да қолданамыз. Өткен жылы бюджеттен тыс 7 миллион теңгеге гирляндалар сатып алған едік. Бұл жабдықтың 70 пайыздан астамы сақталған, яғни олар да пайдаға асады», – дейді Қайрат Ақыбаев.
Мерекелік шыршалар 4-шағынаудандағы қала әкімдігінің алаңы, 15-шағынаудандағы теңіз жағалауы және 34-шағынаудандағы «Достық үйінің» алдына орнатылатын көрінеді.
Жаңажылдық безендіру жұмыстарының қарқындылығы соншалық отыз жыл бойы Қазақстанның басты тарихи күні Тәуелсіздік күні елірген дүрмектің тасасында елеусіз, ескерусіз қалып келеді. Оқу орындарындағы «ашық тәрбие сағаты» деңгейінен аса алмайтын «ұлықтау шарасы» 16 желтоқсанды өз биігіне көтере алмай отыр. 1 желтоқсан тұңғыш президент күні мен 31 желтоқсан жаңа жыл мерекесінің ортасында қалың шабандоздар арасында шаңға бөгіп, көмескіленіп кемістің күйін көргелі отыз жылға таяды.
Естеріңізде болса, былтыр Шымқалада тек көшелерді безендіруге қала бюджетінен 70 миллион теңге бөлінген болатын. Сол кездегі шаһар басшысы Ғабидолла Әбдрахимов Сеулге сапарынан соң 2015 жылғы Жаңа жылды тойлауға қарсы шыққанын ұмытып, ол ойынан айнып, бұл соманың өзін азсынғаны елдің есінде. Ал оңтүстік астана Алматы әкімдігі осы мақсатта 2017 жылы 175 миллион теңге, былтыр 75 миллион теңгеге шығындалған еді. Биыл қалай болары алдағы уақыттың еншісінде.