Талғар ауданының прокуратурасы азаматтық белсенді Галина Арзамасоваға жасалған қастандықты «кісі өлтіруге оқталу» деп емес, жай ғана «бұзақылық» бабымен қарастырып жатыр. Бұған жамбасынан жараланған жапа шегуші тарап наразы.

Кеше айдың-күннің аманында әкім тапсырысымен зардап шеккен белсендінің адвокаты мен қолдаушылары Адам құқықтары және заңдылықтың сақталуы жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросында арнайы баспасөз жиынын өткізді. Адвокат Нұрлан Рахманов:

– Біз Аппазовтың негізгі күдікті тұлғасының әрекеттерін «бұзақылық» бабынан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігіне («Кісі өлтіруге оқталу») ауыстыруды сұрадық. Біздің өтінішіміз Алматы облысының прокуратурасына жіберілген. Прокуратура аталған іс бойынша тергеу бүгінгі күнге дейін аяқталмағанын хабарлады, ең қызығы, олар Аппазовтың әрекетін адам өлтіру әрекеті деп қарауға ертерек деп санайды, – деді.

Адвокаттың айтуынша, бұл тергеу органдары мен прокуратураның істі объективті тергеуге мүдделі емес екендігін көрсетеді.

«Жақында тергеу амалдары аяқталып, Талғар аудандық сотына жіберіледі. Қазір жағдайға қарап отырып, қылмыстық іс Аппазовтың пайдасына шешілетінін алдын-ала аңғаруға болады. Өкініштісі сол, жәбір көрген белсендінің жеңілуімен өзге де азаматтық ұстанымы үшін күресетін адамдардың сағын сындырады. Күші басым тарап құқықтық теңдікті қалайтындарға осылайша емеуірін байқатып меселін қайтармақ», – деп болжады қорғаушы.

Естеріңізде болса, 26 тамыз талғарлық белсенді Галина Арзамасова бір емес 6-7 рет қоқан-лоқылық көрген соң әрі Қарабұлақ ауылындағы мектеп аумағындағы жер мәселесіне қатысты аудан әкімінің қабылдауына кірер кезінде «тапсырыспен» оққа ұшыраған болатын. Әкімдік ғимаратының баспалдағынан көтеріле бергенде ту сыртынан атылған пневматикалық қарудың оғы сүйекке тереңдей еніп кетуіне байланысты әзірге отамен де алуға жарамайтын көрінеді.

Белсендінің Азаттыққа берген сұхбаты бойынша, ол Талғар ауданы әкімінің қабылдауына Қарабұлақтағы мектеп маңындағы жердің жекеменшікке берілгенін, жерді алған адам үй салмақ боп жатқанын айтуға келген. Алған жарақатына қарамастан ол аудан әкіміне кіріп, мәселелерін жеткізген. Кейінірек ауруханаға түскен. Осы оқиғадан соң аудандық әкімдік Қарабұлақтағы мектеп маңындағы жердің қалай сатылып кеткенін тексере бастаған.

Кейін, тамыздың 29-ы Қарабұлақ ауылы қарайтын Панфилов ауылдық округінің әкімі Нұрғали Аппазов күдікті ретінде ұсталған.

Баспасөз конференциясының соңына қарай адвокат  істің Аппазовқа қатысты жұмсақ үкіммен аяқталуына жол бермеу керектігін айтты.

«Бұл баспасөз мәслихатының мақсаты – ел президенті Тоқаевқа жергілікті шенеуніктер жалпыға ортақ заңды өз ыңғайына қарай қолданып, азаматтық құқықтарды бұзуға жол бермеу туралы өтінішімізді жеткізу», – деп түйіндеді науқас белсендінің адвокаты.

Баспасөз жиыны. 12 қараша 2019 жыл. Алматы. Фото: әлеуметтік желі

"The Qazaq Times"