Берлин қорғанының құлағанына 30 жыл толды. Бұл өткен ғасырдағы үлкен символдық мәнге ие оқиғалардың бірі. Себебі, Берлин қорғаны бір ғана Шығыс және Батыс Германияны екіге бөлген жоқ, ол сол тұстағы бақталас екі үлкен идеологияның шекарасы еді. Берлин қорғаны құлағаннан кейін әлемдегі ең үлкен коммунистік режим де ыдырап, батыстық «еркін әлем» кең етек ала бастаған еді. Ал, Берлин қорғаны құлап, 30 жыл өткеннен кейін де АҚШ өз одақтастарын Ресей мен Қытай қаупіне қарсы күресуге шақырды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео кезекті мәлімдемесінде атаулы тарихи датаны атай отырып, АҚШ-ты және оның одақтастарын әлі де қауіпті болып отырған коммунистік қарсыластарына қарсы күресуге шақырды. Оның айтуынша еркін әлем Ресей мен Қытайдан төнетін қауіпке қарсы күресуді жалғастыруы керек.

Берлиндегі Бранденбруг қақпасында сөз сөйлеген Помпео Ресейдің көршілес елдерге агрессиялық әрекеттері туралы тоқталды. Ол Мәскеу билігінің бір елге басып кіріп, өзіне қарсы саяси күштерді «өлтіргенін» атап өткен. Ресейдің Украинадағы әрекеттерін айыптай келіп, Еуропа елдерінің мұндай қауіпті әрекеттерге сәл қарамауын ескерткен.

Ресейге қоса, АҚШ мемлекеттік хатшысы Бейжің саясатында сынға ала кеткен. Ол жиналғандарға: «Қытайда Қытай коммунистік партиясы авторитаризм туралы жаңа көзқарасты қалыптастыруда», - деген пікірін айтты. Помпео ҚКП-ның қытай халқын басу үшін түрлі құралдарды пайдаланып отырғанын, Шыңжаңда мұсылман азшылықтарына бағытталған репрессия жүргізіп отырғанын, шетелге пана іздеп шыққан тұлғаларды қудалап отырғанын атап өткен.

Помпеоның Қытайға қаратқан айыптауларын Қытай СІМ тарабы тез арада терістеп мәлімдеме жасады. Қазір Қытайдың өз халқына жасап отырған бассыздықтары мен заңсыздықтары Батыс елдеріне белгілі болды. Батыс елдері жағынан Қытай үкіметі сенімсіз әрі ырықсыз күйге қалып барады. Бірақ, Бейжің өзінің әрекетін ақтауда белсенді күйден жаңылмай келеді.

“The Qazaq Times”