АҚШ президенті Дональд Трамп түркиялық әріптесі Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, 13 қарашада Уашингтонда ресми кездесу өткізетінін айтты.
Трамп өзінің Twitter парақшасында: «Түркия президентімен өте жақсы сөйлестік. Ол маған көптеген террористік топтардың соның ішінде террористің әйелі мен әпкесінің [Абу Бакр] ұсталғанын хабарлады. Біз Сүриядағы қақтығыс кезінде қашып кеткен әл-Бағдади, Түркия мен Сирия шекарасындағы қақтығыстар, терроризмді жою, күрдтермен араздықты тоқтату және басқа да мәселелерді талқыладық. Мен келесі сәрсенбіде, яғни 13 қарашада президент Ердоғанды күтемін», — деді.
17 қазанда АҚШ пен Түркия әскери операцияны тоқтату туралы келісімге келген. Трамп тараптар өзара келісімге келгеннен кейін Түркия Сүриядағы контртеррористік операциясын тоқтатқанын айтқан. «Қашықтығы 20 миль (32 шақырым) болатын қауіпсіздік аймағы құрылды» – деген АҚШ президенті Сүрия-Түркия шекарасында оқ ату тоқтатылып, жағдайдың тұрақталғанын мәлім етті. Тараптар ортақ келісімге келген соң, Уашингтон Анкараға енгізілген санкцияның күшін жойды.
22 қазанда Ресей мен Түркия президенттері Сочиде өткен кездесуде Сүрияның солтүстік-шығысындағы жағдайды реттеу бойынша бірлескен әрекеттер туралы меморандум қабылдады. Күрд қарулы күштеріне 29 қазанда Түркия шекарасынан оңтүстікке қарай 30 шақырымдық аймақты толығымен босату тапсырылды. Ультиматумның аяқталған күні Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу күрд қарулы құрылымдарының қауіпсіздік аймағынан шығарылуы мерзімінен бұрын аяқталғанын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, 9 қазанда Түркия Сүрияның солтүстігінде «Бейбітшілік қайнары» аталатын арнайы операция бастаған. Түрік авиациясы мен артиллериясы көрші ел аумағындағы күрд жасақтарын соққыға алды. Әскери операцияның мақсаты – лаңкестерге оңтүстік шекарада дәліз құруға жол бермеу. Анкараның жоспарына сәйкес сүриялық босқындар осы аймақтан Түркияға орала алады. Ресми Дамаск бұл операцияны агрессия деп атады, ал халықаралық қауымдастықтар Анкараның әрекетін айыптады.