Мемлекеттік материалдық резерв (ММР) саласындағы аса ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлық фактісі белгілі болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз жиынында департамент басшысы Анар Жарова 6 миллиард теңге көлемінде залал келтірген күдіктілер ісіне қатысты тергеу аяқталып, қазір қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатқанын хабарлады.
Азық-түлік жеткізу бойынша алаяқтық жасаған деген айыппен 24 күдікті, оның ішінде комитеттің бұрынғы екі басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан көрінеді. Осыған дейін ведомствоның жұмыс істеген кезеңінде жымқыру және лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін ММРК мекемесінің 5 басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Ел президентінің тапсырмасына сәйкес агенттік Ұлттық экономика министрлігіне қарайтын ММРК қызметіндегі сыбайлас жемқорлық фактілеріне сыртқы талдау жұмыстарын жүргізгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, тауарлар мемлекеттік стандарт талаптарына сай болмаған.
Мемлекеттік материалдық резерв қоймасына сапасыз өнімдерді жеткізу, материалдық құндылықтарды жаңарту тетіктеріндегі кемшілік, жүйе алгоритмніндегі (салу, сақтау, жаңарту) жетіспеушілік, қойма шаруашылығындағы ескірген желі, заманауи бақылау жүйесі жоқ және т.б. бірқатар жүйелі проблемалар анықталған.
Агенттіктің Превенция департаментінің басшысы Анар Жарова:
– Талдау қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша жоспарға енгізілген. Қазіргі уақытта оның белсенді іске асырылуы жүріп жатыр.Талдау кезінде комитет тарапынан және шешу жолдарын әзірлеу барысында толық қолдау мен түсіністік болды, Агенттіктің барлық ұсыныстары қабылданды. Сонымен қатар, олар жағдайды түзету бойынша қосымша шаралар ұсынды, – деді.