Boeing компаниясы жыл соңына дейін Boeing 737 Max жолаушылар ұшағын қайтадан пайдалана бастайды. Бұған қоса, америкалық компания 2020 жылдың аяғына дейін аталған лайнерлердің өндірісін арттыруды да көздеп отыр.
АҚШ Азаматтық авиация Федералдық басқармасының хабарлауынша, бұған дейін анықталған жарамсыз бөлшектер апатқа әкеп соқтырмайды. Дегенмен, ұшу процесі кезінде техникалық ақаулар болуы мүмкін. Мекеме бұл қауіп-қатерді Boeing ұшағы бар барлық мемлекетке хабарлады. Басқарманың ресми мәлімдемесінде: «737 NG және 737 MAX ұшақтарының кейбір бөлшектері дұрыс жасалмағандықтан, беріктік стандарттарына сәйкес келмеуі, ұшақтардың мерзімінен бұрын тозуы және зақымдауына алып келуі мүмкін», – делінген. Сонымен қатар, басқарма хабарламасында әлем бойынша Boeing-қа тиесілі 312 ұшақтың алдыңғы қанат тұстарында ақау бар екендігі айтылған.
Биыл 10 наурызда Дэбрэ-Зэйт қаласы маңында «Ethiopian Airlines» компаниясына тиесілі «Boeing 737 Max» ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан 157 адам көз жұмған болатын. 2018 жылы қазан айында Индонезияда тап осы модельді лайнер құлап, 189 жолаушы қаза тапқан еді. Араға санаулы күндер салып, Американың Джексонвилл қаласындағы өзенге Boeing 737 жолаушылар ұшағы құлады. Осы оқиғадан кейін Ұлыбритания мен Франция ұшақтан бас тартса, Малайзия, Австралия, Индонезия, Қытай мен Сингапур билігі әуе кемесін бұдан былай сапарға шығармайтын болды. Сонымен қатар, жақында Уфа қаласында дәл осы Boeing 737 NG ұшағы көкке көтерілмей қалған. Бортында 123 жолаушысы болған әуе кемесі енді ұшуға талпынғанда, қанат тұсында дабыл қаққыш іске қосылған.