Күрд әскери жетекшілері АҚШ-тың Сүрияның солтүстігінен әскерін шегіндіруін стратегиялық қателік ретінде бағалады. Күрдтер басқаратын Сүрия Демократиялық армиясының бас қолбасшысы Мазлум Абди (Мазлум Кобане деген де аты бар) «Каус» радиосына берген сұхбатында осындай пікір білдірді. Ол Сүрия Демократиялық армиясының АҚШ пен Түркия арасында жасалған атысты тоқтату туралы келісімін толық қабылдай алмайтынын айтқан.
Мазлум Абди сұхбатында Сүрия Демократиялық армиясының АҚШ-қа деген сенімі аз екенін, бірақ «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымдарына қарсы соғыста әлі де одқатас болатынын білдірген.
Естеріңізде болса, 6 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ әскерлерінің Сүрияның солтүстік-шығыс аймағынан шегініп шығатынын жариялады. Бірнеше күннен кейін Түркия армиясы мен оның Сүриядағы одақтас күштері күрдтер басқаруындағы Сүрия Демократиялық армиясына шабуыл бастады. Күрд лидерлері АҚШ-тың әрекетін «ту сыртынан пышақ салу» деп бағалаған болатын.
Ал, өткен аптада АҚШ Анкараға делегация аттандырып, уақытша соғыс тоқтату келісіміне қол жеткізген. Уақытша соғыс тоқтату келісімі бүгін, яғни 22 қазанда аяқталмақ. Оқ атыспау туралы келісімге сәйкес Сирия Демократиялық армиясының күрд қарулы күштері және осы аймақтағы бейбіт тұрғындар Рас-әл-Айн қаласынан шығарылды.
Мазлум Абди сұхбатында АҚШ-тың аталған аймақтан шегініп шығуы Сүриядағы стратегиялық қателік ретінде бағалады. Оның айтуынша бұл қадам Сүриядағы тұрақсыздықты күшейтіп, түрлі топтар арасындағы қарсылықты арттырған. Оның үстіне терроризмге қарсы соғыста одқатастарының сенімінен айырылған.