Америкалық қарулы күштер кеше Сүрияның солтүстігіндегі АҚШ-тың ең үлкен әскери базасынан шықты. Пентагон басшысы Эспер Сүрияның солтүстігінен шығарылған барлық америкалық әскерлер Ирактың батысына орналасатынын, осы аймақта «Ислам мемлекеті» террорлық тобының қалдық күштеріне қарсы антитеррорлық миссияларды өтейтінін мәлімдеді.

Бұдан бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Сүриядан шығарылған әскерлер Құрама Штаттарға оралатынын айтқан болатын. Алайда, Эспер бұл шешімді жоққа шығарды. Сүриядан шығарылған әскерлер Ирактың батыс аймағына барғанын, жақын арада АҚШ-қа қайтпайтынын мәлімдеген.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Ирактың батысына барған америкалық әскерлер қазірге террорлық топтарға қарсы шабуылдарға кірмейді. НАТО одақтастарымен жоспар жасағаннан кейін ғана миссиялары анықталады.

Бағдат пен Уашингтон арасындағы келісімдерге сай қазіргі кезде Иракта 5 мыңнан астам америкалық жауынгер бар. 2011 жылы АҚШ Ирактағы әскерлерінің миссиялары аяқталғанын мәлімдеп, елден әскерлерін алып кеткен. Алайда, 3 жылдан кейін өздерін «Ислам мемлекеті» деп атаған террорлық топ Ирак солтүстігінде «халифат жариялағаннан» кейін АҚШ әскерлері Иракқа қайтып оралған. Бұдан бір жыл бұрын Ирак террорлық топтарға қарсы күресті жеңісті ақырластырғанын мәлімдеген.

Өткен аптада Акараға барған АҚШ делегациясы уақытша соғыс тоқтату келісіміне ие болды. Кеше, АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео келісімнен кейін Сүрияның солтүстігінде қақтығыстардың азайғанын мәлімдеген. Ол және Түркияның келісімді толық орындауын қадағалайтындарын жеткізді, әрі АҚШ-тың «Ислам мемлекеті» террорлық тобына қарсы күресі жалғаса түсетінін айтқан.

“The Qazaq Times”