Сүриядағы үкіметке қарасты армия Түркиямен шекаралас Манбиж қаласын иелеп тұр. Бұған дейін аталған алада АҚШ-тың әскери базасы болған және күрд қарулы күштері қаланы өз бақылауында ұстаған еді. Түркияның күрд қарулы күштеріне жасаған шабуылдарына байланысты АҚШ Анкараға бағыттап жаңа санкция салды. Ал, Ердоған болса түрік әскерлері АҚШ санкциясына қарамастан алға жылжи беретінін білдірген.

Түркия президенті мәлімдемесінде Манбижге Башар Асадқа қарасты армияның кіруіне қарсы емес екенін айтты. Ердоған Әзербайжан сапарының алдында жасаған мәлімдемесінде «ең бастысы шаһарды күрд күштерінен тазарту керек» екенін айтқан болатын. Ол Ресей президентіне айтқан сөзін алға тартып: «Путин мырзаға да (Ресей президентіне де) осы сөзді айтқамын. Егер Манбиждегі террорлық топтарды тазартқыларың келсе, қарсылығымыз жоқ. Сіздер бола ма, режим бола ма (Сүрия үкіметін меңзейді) бұл мәселені қамсыз етсін», – деген.

Хабарға қарағанда, ресейлік әскери полицияның бар екені де белгілі болды. Олар қақтығыстарға жол бермеу үшін қалада болатынын мәлімдеген. Бір күн бұрын Түркия мен Сүрия арасындағы мәселе бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырыс өткізгені белгілілі.

Әзербайжан орталық қаласында өткен жиында да Ердоған түрік тілдес елдерді терроризмге қарсы күресте Түркияның әрекеттеріне қолдау көрсетуге шақырды. Көп өтпей Түркияның «Анадолы» атты ресим ақпараттық агенттігі «Түркі тілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі Түркияның «Бейбітшілік бұлағы» жобасын қолдады» деген ақпаратты таратты. Алайда, Бакудегі бас қосуда Түркияның әскери әрекеттерін қолдау туралы мәлімдемелер жасалмағаны белгілі.

“The Qazaq Times”