Ресей ұстанған саясат, Сүрия дағдарысы, АҚШ Конгресі өкілдерінің палатасында президент Дональд Трампқа қатысты басталған импичмент процесі...осы сынды өзекті мәселелер 2020 жылғы сайлауда Демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне кандидат лауазымына үміткерлердің төртінші жалпыұлттық теледебаттарының тақырыбы болды. Огайо штатындағы Оттербейн университетінде өткен дебат көрсетілімін CNN телекомпаниясы жүргізді.

Сайлауалды марафон басталғалы 12-ге жуық кандидат өзара пікірталасып келеді. Олардың қатарында АҚШ-тың экс-вице-президенті Джозеф Байден, Вермонт штатының сенаторы Берни Сандерс, Массачусетс сенаторы Элизабет Уоррен, Нью-Джерси штатының сенаторы Кори Букер, Калифорнияның сенаторы Камала Харрис, Миннесота штатының сенаторы Эми Клобушар, Техас штатының АҚШ Конгресінің Өкілдер Палатасының бұрынғы мүшесі Бето О ' Рурк, Саут-Бенд қаласының мэрі (Индиана штаты) Пит Буттеджаджадж, АҚШ-тың бұрынғы тұрғын үй құрылысы және қалалық даму министрі Джулиан Кастро, бизнесмен Эндрю Янг, Гавайи штатынан өкілдер палатасының мүшесі Тулси Габбард және миллиардер том Стейер бар.

Антиресейлік саясат

Ресейге қатысты саясатты талқылау кезінде барлық қатысушылар Мәскеуге бағытталған санкцияларды қатаңдату жөнінде ұсыныс білдірді. Сенатор Кори Букер Ресейге қарсы тұру қажеттілігіг айта келе, «АҚШ орыс ұстанымыың әлемдік саясатта нығаюына мүмкіндік бермеуі тиіс» деді.

АҚШ Конгресі Өкілдер Палатасының бұрынғы мүшесі Бето О ' Рурктың ойынша, Ресей агрессиялық қадам жасай отырып, демократияны жаншуға атсалысып келеді. Сол себепті қазіргі президент Дональд Трамп Американың сыртқы саясатында Ресеймен аңдап қарым-қатынас жүргізуі тиіс. АҚШ-тың әлемдегі ұстанымдарын нығайтудағы дипломатияның рөліне тоқталып өткен миллиардер Том Стейер елдегі сайлауға щетелдіктердің араласпауы туралы арнайы заңнама қабылдауды ұсынды.

Сүрия дағдарысы

Пікірталасқа қатысушылар АҚШ-тың Сүриядағы саясатын қатаң сынға алды. Джо Байден Сүрияның солтүстігіндегі күрдтерді қолдаудан бас тартқан Трамп әкімшілігінің сынға алып, «Біздің әскерилер өз әрекеттері үшін ұялуы керек, ал Түркия Сүриядағы операция үшін жауап беруі тиіс» деді. Вермонт штатының сенаторы Берни Сандерс президент Трамптың Америка әскерлерилерін Сүриядан шығару туралы шешім қабылдап, кейіннен бас тартуына қатысты «АҚШ президентінің уәдесіне қай ел сенеді?» деген сауал тастады.

Саут-Бенд қаласының мэрі (Индиана штаты) Пит Буттеджаджадж «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының (РФ-да тыйым салынған) қайта қалпына келу қаупі бар екенін ескертіп, гуманитарлық мәселелердің күтіп тұрғанын айтты. Жалпы алғанда, Түркияның Сүриядағы әскери операциясы мен АҚШ-тың бұған көзқарасы сөз болғанда, барлық қатысушылар Сүрия мәселесін қару-жарақпен емес саяси жолмен шешу керектігін айтты.

Сыбайлас жемқорлық және импичмент

Джо Байденнің айтуынша, «Трампқа импичмент жариялаудан басқа жол жоқ». Ол Ақ үйдің қазіргі басшысын «тарихтағы ең жемқор басшы» деп атады. Миллиардер Том Стейер де импичмент жариялау туралы ұсыныс білдірді. Ал кәсіпкер Эндрю Янг Америкаға жаңа перспектива ұстану қажеттігін айтты.

Америкада Украина президенті Владимир Зеленский мен Трамптың шілдедегі әңгімесі төңірегінде ірі жанжал басталған. АҚШ президентінің саяси оппоненттерінің сөзіне сенсек, Трамп әңгіме барысында Украинаға бұрынғы американдық вице-президент Джозеф Байденнің ұлына қатысты тергеу бастауды сұраған. Ал оның орнына Уашингтон Киевке қаржылай және әскери көмек көрсетеді. Демократ Байден 2020 жылы қарашада өтетін президенттік сайлауда Трамптың ең мықты бәсекелесі саналады. Сондықтан, демократтардың пікірінше, Трамп Зеленскийге «қысым көрсете отырып», екінші мерзімге қайта сайлануға талпынған. Ал Дональд Трамп осы тергеумен айналысатын конгрессмен-демократ Адам Шиффті мемлекетке сатқындық жасады деп айыптап отыр. Трамптың пікірінше, Шифф Зеленскиймен телефон арқылы әңгімесін толық емес әрі жалған ақпарлармен таратқан.

Сонымен...

Қазіргі жалпыұлттық теледебаттан кейін Демократиялық партиядан президенттікке үміткерлер тағы екі рет – қараша мен желтоқсанда және 2020 жылы қаңтар мен сәуір аралығында алты рет кездеседі. Келесі бесінші теледебат 20 қарашада Джорджия штатында өтеді.

Сайлау алдындағы науқан барысы жайлы ақпараттарды жариялайтын Elections Central интернет-порталының деректері бойынша, теледебатқа қатысу талаптарын 12 қатысушының сегізі ғана орындады: Байден, Сандерс, Уоррен, Букер, Харрис, Буттежаджадж, Янг және Стейер.

2020 жылғы сайлауда АҚШ Демократиялық партиясынан қатысатын кандидаттың есімі Милуоки қаласында 13-16 шілдеде өтетін партияның ұлттық съезінде белгілі болады.

"The Qazaq Times"