Ел астанасындағы «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы қарқынды жүруде. Кезек – жекеменшік балабақшаларға келді. Естеріңізде болса, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі Басқармасы мен қалалық кәсіпкерлер палатасы бірігіп жекеменшік балабақша басшыларының қатысуымен жиын ашқанын хабарлағанбыз.
Басқосуда бала бақша жетекшілеріне жобаның мақсаты түсіндіріліп, алдағы болатын қадағалау жұмыстары туралы айтылған. Енді міне, арнайы топ нақты іске кірісті.
– Жұмысымызды Алматы ауданынан бастадық, – дейді қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі Басқармасының бас маманы Айгүл Ғизатқызы, – Жалпы, қалада 210 жекеменшік балабақша болса, көп бөлігінің маңдайша атаулары мен сыртқы (көрнекі) жарнамасы тіл туралы заңның талаптарына сай емес. Бүлдіршіндер елдің ертеңгі иесі, мемлекеттік тілді ары қарай өркендетіп, әр салада берік орнықтыратын жанашырлары. Бала бақшадағы тіл тазалығы - ұрпақ санасының тазалығы екенін ескерсек, бұл шараны өткізудің маңызы өте жоғары.
Жұмыс кезінде Тәуелсіздік даңғылында орналасқан "Мурзилка" бала бақшасында тіл талаптары өрескел бұзылғаны анықталды. Тек ресми тілде білім беретін ұйымның басшысына ескерту жасалды.
Керісінше, мемлекеттік тілде білім беретін "Гауһартас" бала бақшасында ешқандай заң бұзушылық жоқ болып шықты. Ал, "Айдын" бала бақшасының сыртқы көрнекі ақпараттары мемлекеттік тіл талаптарына сай емес. Ұйым басшысы кемшілікті дұрыс түсініп, заң бұзған жарнама, көрнекі ақпараттарын алып тасайтын болды.
Жекеменшік бала бақшалардағы тілдік жағдайды анықтау қаланың төрт ауданында жүріп жатыр. Оған аудан әкімдіктеріндегі білім бөлімдері мамандары және қоғам белсенділерінен құралған сарапшы топ өкілдері атсалысуда. Айта кетерлігі, бүгінгі Алматы ауданында өткен шараға қалаллық Білім басқармасының қызметкерлері қатыспады. Олар келесі тексеруде келетіндерін білдірді.
Сонымен, акцияның кезекті шарасы жеке меншік балабақшалардан басталды. Оның өзіндік мәні де жоқ емес. Бүлдіршіндер елдің ертеңгі иесі, мемлекеттік тілді ары қарай өркендетіп, әр салада берік орнықтыратын жанашырлары екені мәлім. Бала бақшадағы тіл тазалығы - ұрпақ санасының тазалығы екені де даусыз. Бұдан бұрын акция аясында жүргізілген жұмыстар бойынша жекеменшік балабақшалардың сыртқы жарнамасы мен көрнекі ақпараттарының сын көтермейтіндігі анықталған. Елордамызда 210 жекеменшік балабақша болса, көп бөлігінің маңдайша атаулары мен сыртқы (көрнекі) жарнамасы тіл туралы заңның талаптарына сай емес болып шыққан.