Еуразия Экономикалық одағының Ереванда өткен саммитінде Иран президенті өңірдегі елдерді АҚШ-қа қарсы тұруға шақырды. Ол АҚШ-тың Ресей мен Қытайға бағытталған әрекеттерін алға тартты және халықаралық келісімдерді бұзғанын айтты.
ИИР президенті Хасан Рухани Еревандағы саммитте экономикалық, сауда және саяси одақтар арасындағы ұжымдық, аймақтық ынтымақтастықты нығайтуды қолдайтынын білдіре отырып, Еуразия Экономикалық одақ инвесторларын Иранның еркін сауда, өндіріс және экономикасының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды. Ол сондай-ақ, экономикалық қауымдастыққа мүше елдердің басшыларын АҚШ-тың саясатына назар аударуға шақырған.
Президент Руханидың айтуынша, АҚШ-тың біржақты саясаты әлем елдерінің экономикалық байланысын қиындата түскен. Экономикалық байланыстарды сыртқы кедергілерден қорғау үшін жан-жақты экономикалық байланысты дамыту керектігін атап өткен. «АҚШ-тың мақсаты долларды қару етіп, экономикалық лаңкестік арқылы әлем елдерінің экономикалық байланысын бұзу», – деді Иран президенті.
Айта кетейік, АҚШ-Иран қарым-қатынасының шиеленісуіне байланысты, Иранмен сауда-экономикалық байланыс орнатқан елдерге қиындық туғаны мәлім. АҚШ-тың қатаң санкциялары Иранның мұнай саласынан тартып медицина саласына дейін ықпал етіп отыр.