АҚШ пен Еуропа Одағы көптен бері Қытайдың экономикалық саясатын «әділетсіз» деп айыптап келеді. Себебі, Қытай нарығында көптеген салаларды мемлекеттік кәсіпорындар монополия жасаған. Мемлекеттік кәсіпорындар үкіметтік субсидия мен несие алудағы жеңілдіктерді пайдаланып, нарықта шетелдік кәсіпорындарды қолайсыз жағдайға түсірген. Бұған қоса, мемлекеттік қолдауға сүйеніп нарықтық экономиканың заңдарын бұзып келді.
Бір күн бұрын Еуроодақ Өнеркәсіптік және коммерциялық лоббистік ұйымы Қытайға ескерту жасады. Ұйымның мәлімдеуінше, Қытай ДСҰ белгілеген міндеттерін орындамаса, мемлекеттік компаниялардың нарықтағы рөлі төмендеп, Қытай экономикалық өсімінің тоқтайтынын, нәтижесінде сауда серіктерімен қайшылық күшейе түсетінін ескертті.
ЕО-ның Қытайдағы Сауда палатасының төрағасы Вутке өз мәлімдемесінде : «Дағдарыс қысымы артып келеді, Қытай үкіметіне өз міндеттерін орындайтын кез келді», – деген. Ол Бейжіңді «еркін бәсекелестік» қағидасын қорғауға, мемлекеттік және мемлекеттік емес компанияларға бірдей қарауға шақырды.
Соңғы бір жылдағы АҚШ-пен болған сауда қайшылығынан кейін Қытай экономикасының өсімі соңғы 30 жылдағы ең төменгі көрсеткішке түсті. Жыл аяғында бұл көрсеткіш тағы 6,2 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Сауда соғысы неден пайда болғаны көпке белгілі. АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайды нарықтық экономика талаптарына сай сауда-экономикалық саясат ұстануға шақырды. Алайда, Қытай мемлекеттік кәсіпорындары көбірек пайда алатын өз саясатын жалғастырғысы келді. Сауда теңсіздігін жою үшін АҚШ өзіне кіретін Қытай тауарларына кедендік салықты жоғарлатты.
Қытай басшысы Ши Жинпиң билікке келгелі бері мемлекеттік кәсіпорындарға басымдық беретінін бірнеше рет қайталады. Сондай-ақ, АҚШ-пен сауда келіссөздерінде Қытай экономикалық саясатына құрылымдық өзгеріс енгізу талабына жол бермейтінін байқатты.
Шын мәнісінде, коммунистік биліктің мемлекеттік кәсіпорындарды саясатпен, үкіметтік жеңілдіктермен, несие және салық төлеудегі жеңілдіктермен «жарылқау» шетелдік компанияларды ғана емес, көптеген қытайлық кәсіпкерлердің де наразылығын тудырды. Былайша айтқанда, Қытай үкіметі жеке тұлғалардың ірі бизнестегі жолын жауып, үкіметтік кәсіпорындарды көтермеледі. Бұл табиғи түрде нарықты бұзып, соңында экономикалық өсімге дейін зиян келтіруі мүмкін деп болжанған. Үйткені, Қытайдың мемлекеттік кәсіпорындары номиналды түрде мемлекетке тиесілі, бірақ олар қоғамдық мүдделеріне қысым жасайтын және зиян келтіретін тәсілмен тек ҚКП артықшылығы үшін кассалық машиналар ретінде әрекет етуде.