Жақында ғана Сауд Арабиясына жасалған шабуылдың артында Иран басшыларының тұрғаны – айқын факт. Politico басылымының мәліметінше, Британия премьер-министрі Борис Джонсон, француз президенті Эммануэль Макрон және Германия канцлері Ангела Меркель Бас Ассамблея сессиясына орай өткен отырыста осындай қорытындыға келген.

«Біз, Франция, Германия және Біріккен Корольдіктің көшбасшылары, әсіресе Таяу Шығыстағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың жаһандық режимін сақтау жолында мүдделеріміз ортақ екенін айтамыз. Бұл шабуылға Иран жауапты екені бізге анық. Шындық, факт осы», – деді тараптар.

Еуроүштіктің ойынша, бұл шабуылдар Сауд Арабиясына қарсы бағытталған. Дегенмен, шабуыл салдары барлық елдерге кері әсер етіп, ірі қақтығыстың туындау қаупін арттырады. Макрон сөзінде Йеменде жалғасып жатқан қақтығыстардың алдын алып, аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұжымдық күш-жігер қажет екендігін еске салды.

Ядролық келісімдегі талаптардың орындалуын талап еткен Еуропа елдері, аталған келісім шеңберінде Иранды МАГАТЭ-мен толық көлемде ынтымақтасуға шақырды. Осыған дейін Британия премьері Борис Джонсон «Sky News» телеарнасына берген сұхбатында «Иран біздің тараптармен жаңа келісім жасайтын уақытқа келді» деп мәлімдеген.

Сауд Арабиясында орын алған жарылысқа Иранның тікелей қатысы барын бірнеше мәрте қайталаған Еуропа көшбасшылары Теһраннан дағдарыс жасап, қақтығыс туғызбауды талап етті. «Біз Таяу Шығыстағы шиеленістің деэскалациясына, Биаррицте өткен Үлкен жетілік саммитінде қабылданған мәлімдемелер аясында Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға мүдделі серіктестермен диалог үшін жағдай жасап, дипломатиялық байланыстарды жалғастыруға ниеттіміз. Біз Иранды осындай диалог орнатуға және арандатушылық пен эскалациядан аулақ болуға шақырамыз», – деді Германия канцлері Ангела Меркель.

 

"The Qazaq Times"