АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытай үкіметі «өз азаматтарын қырып-жойып жатыр» деп айыптады және Қытай билігінің Шынжаңдағы әрекеті терроризммен еш қатыссыз екенін айтты.
Помпео жексенбі күні журналистердің сұрағына жауап берген кезде: «Терроризм мәселесіне келгенде, мен Қытай үкіметінің Шынжаңда жасап отырған әрекеттері ешқандайда терроризмге қарсы күреспен қатысы жоқ екенін түсіндіргім келеді. Бұл Қытайдың өз азаматтарын құрту әрекеті. Біз әлемдегі барлық елдерді Қытай үкіметінің ұйғырларды кері қайтару туралы өтінішіне бойкот жариялауға шақырамыз», – деді.
Помпео бұл аталған мәлімдемесін «С5+1» кездесуінен кейін өткен баспасөз жиынында айтқан. Ол бұл кездесуде Орта Азия елдерінің сыртқы саяси ведомство басшылары және өкілдерімен кездескен болатын.
БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Уашингтон Шынжаң мәселесі бойынша Бейжіңді айыптамақ. Бұған қоса, АҚШ үкіметінің бірқатар шенеуніктері Қытай билігінің Шынжаң саясатына байланысты халықаралық конференциялар да ұйымдастырмақ.
Айта кетейік, БҰҰ мәлімдемесінде Қытайдың Шынжаң жерінде кемінде 1 миллионнан астам мұсылман азшылықтары саяси лагерлерде қамауда екенін айтылады. Бейжің Шынжаңдағы лагерлерді «Кәсіптік білім беру» немесе «Қайта тәрбиелеу орталықтары» деп түсіндіруге тырысып келеді. Былтыр Трамп үкіметі Қытай Коммунистік партиясының Шынжаңға қатысты жоғары дәрежелі шенеуніктерін санкция тізіміне енгізбек болған. Алайда, Бейжіңнің «кек алу әрекеттерінен» алаңдаған Уашингтон лауазымдылары жобаны кейінге қалдырған.