Сүрияда азаматтық соғыс басталғалы сегіз жыл өтті. Аймақтағы дағдарысты шешу мақсатында әлем елдері бірнеше мәрте бас қосқанымен, позициялар қайшылығы қақтығыстың соңғы нүктесін қоя алмай отыр. Күні бүгін «Труд» басылымына сұхбат берген Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сүриядағы азаматтық соғыс аяқталып, бейбітшілік орнай бастады деп хабарлады.
Лавров сөзінде: «Сүриядағы соғыс аяқталды. Мемлекет күн өткен сайын бейбіт өмірге қадам басып, қалыпты тіршілік кешуде. Дегенмен, Сүрия билігіне қарасты емес Идлиб провинциясы мен Евфрат маңында қақтығыс жағдайы әлі де сақталып тұр», – дейді. Сонымен қатар, Лавров Сүрия дағдарысын шешуде Қазақстан тарабы ұйымдастыратын «Астана келіссөзінің» маңызына тоқталған.
Ресей СІМ айтуынша, Мәскеу Сүриядағы жағдайды қатаң бақылап отыр. 2014 жылы АҚШ терроризмге қарсы күрес ұранымен Сүрияға әскерін кіргізсе, Ресей 2015 жылы қыркүйекте аймақтағы соғыс алаңына қосылған. Ресей Башар Асадтың әскери күштеріне қолдау көрсетіп, «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымын бомбалау міндетін мойнына алды. Ал Асад режиміне бұрыннан қарсы АҚШ-тың мемлекеттік күштермен күрес жүргізіп отырған күрдтер, өзге де ислам топтарын қару-жарақпен қамтамасыз еткендігі туралы мәліметтер бар. Көршілес Сүрияда күрдтердің күшейе түскенінен «қорыққан» Түркия 2016 жылы тамызда қарулы қақтығысқа араласты.
Биыл 6 қыркүйекте түрік президенті Режеп Тайып Ердоған Сүрияның солтүстігінде қауіпсіздік аймағын қалыптастыру үшін Түркияға халықаралық қолдау көрсетілмесе, миллиондаған босқындар үшін Еуропаға шекара айқара ашылатынын ескерткен болатын. Сонымен қатар, ресми Анкара Еуропа елдерінен логистикалық көмек сұраған. Осыған байланысты, босқындар мен бейбіт тұрғындардың Сүриядағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қолдау көрсететін бірден-бір мемлекет АҚШ болғандықтан, Түркия аталған мәселені америкалық әскерлермен бірлесе шешуге бел буған.
9 қыркүйекте Түркия мен АҚШ әскерлері Сүрияның Евфрат өзенінен шығыс аудандарда қауіпсіздік аймағын құру мақсатында бірлескен операция өткізген. Кейіннен ресми Анкара Уашингтонның бұл істенемқұрайдылық танытып отырғанын хабарлаған.
Сүриядағы соғыстың басталуы
2011 жылы «Араб көктемі» кезінде Тунис президенті Зен әл-абидин Бен Әли мен Египеттің мемлекет басшысы Хосни Мүбарак жалпыхалықтық көтерілістердің нәтижесінде биліктен кетті. Сол жылдың наурыз айында Сүрияда «Араб көктемін» қолдап, граффити салған 15 жасөспірім қатаң жазаланып, олардың бірі құқық қорғау органы қызметкерлерінің қолынан қаза тапты. Бұл оқиға халықтың бейбіт шеруге шығып, билікке қарсы наразылық білдіруіне ұласты.
Өз кезегінде Сүрия президенті Башар әл Асад шеруге шыққандарды жаппай жазалап, абақтыға жапты, жүздеген адам құрбан болды. Тунис пен Египеттегі халықтың жеңісі сүриялықтарды жігерлендіріп, мемлекеттік билікке қарсы жалпыхалықтық көтеріліске шығуларына түрткі болды. 2011 жылдың шілде айында Оппозиция тарапынан «Еркін Сүрия әскері» тобы құрылып, азаматтық соғыс басталған.
Қарулы қақтығыс салдарынан санаулы уақыт ішінде 500 мыңдай сүриялық қаза тауып, 1 миллионы жараланған. Соғысқа дейінгі халық санының жартысына жуығы (12 миллион) туған жерлерін тастап кетуге мәжбүр болды. 2007-2010 жылдар аралығында болған қуаңшылық, ауылды өңірлерді мекендейтін 1,5 миллион тұрғынның қалаларға қоныс аударуына себеп болды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақсыздықты күшейтіп, кедейлік деңгейін арттырды.