АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде өткен баспасөз маслихатында: «Иранның уран байыту қорын межеден асыруы өздеріне үлкен қауіп төндіреді», – деп қатаң ескерту жасады.

The New York Times басылымына Трамп: «Иранның ядролық қару қолдануына мүлде жол бермейміз. Егер олар уран байытуды арттырамыз десе, бұл ойды өзгертулеріне тура келеді. Ирандықтар үшін уран байытудың арты жақсылыққа әкеп соқпайды. Иранға осы ескерту жеткізсеңіздер болады. Біз Теһранның режимін өзгертуді мақсат етпейміз. Біз ортақ келісімге қол жеткізбекпіз», – деп мәлімдеді.

«Алдағы уақытта бізді не күтіп тұрғанын көре жатармыз. Иранның Солтүстік Корея сынды қауқары бар. Теһранның экономикалық жағдайы қуатты деп есептеймін», – деген Ақ үй басшысы Уашингтон мен Теһран арасындағы байланыстың болашағына қатысты жауап берген жоқ. Президенттің сөзінше, экономикалық дағдарыс күтіп тұрған Иранға қарсы санкциялар пакеті күн өткен сайын күшейе бермек.

Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас ассамблеясының 74-ші сессиясында екі ел басшысы аталған мәселелерді талқылауы мүмкін. Дегенмен, Дональд Трамп жақын арада Хасан Руханимен кездесуді қаламайтынын да жеткізді.

Биыл 8 мамырда Иран президенті Хасан Рухани ресми мәлімдеме жасап, ядролық келісімдегі бірқатар талаптарды орындауды жартылай тоқтатқан. Кейіннен Германия, Ұлыбритания және Франция елдері Теһранды келісімді бұзбауға шақырды.

Ядролық келісімге 2015 жылы АҚШ, Иран, Германия, Жапония, Франция, Ұлыбритания және Ресей қол қойған. Келісімдегі талаптарға сәйкес, Иранға уран қорын 3,67%-дан асыра байытуға қатаң тыйым салынған. Алайда, Иран бірнеше мәрте талаптарды бұзып, уран байыту қорын МАГАТЭ бекіткен межеден де асырды. Сол себепті Құрама Штаттары былтыр мамырда ядролық келісімнен шығып, Иранға қарсы экономикалық сакцияларды қалпына келтірді. Уашингтонның Теһранға Парсы шығанағындағы мұнай танкерлеріне шабуыл жасады деген айыбынан кейін, екі ел арасындағы кикілжің ушыға түскен.

"The Qazaq Times"