Қытай елшілігі Білім министрлігіне 27,5 млн теңгеге қытай тіліндегі кітаптар мен оқу құралдарын алып берді. Елшілік сыйлаған оқу құралдары қытай тілін оқытатын астаналық 4 мектеп пен өзге өңірлердегі оқу ордаларына табысталады.  

Естеріңізде болса, былтыр 1 желтоқсан экс-президент Н.Назарбаев өзінің атындағы зияткерлік мектеп оқушыларының қытай тілін үйренуінің маңызы зор екенін атап өткен болатын. НЗМ-де 9 жылдан бері қытай тілі оқытылып келеді.

Екіжақты «достық қатынасты» нығайту, қазақстандық оқушылардың қытай тіліне деген қызығушылығын арттыру мақсатында Қазақстандағы ҚХР елшілігі ҚР Білім және ғылым министрлігіне қытай тілінің оқулықтарын сыйлады.

Елші Чжан Сяо жиынға келген «балалар мен мұғалімдерді» көргеніне  қуанышты екенін жеткізіп, астаналық  4 мектепте қытай тілі оқытылатынын айтты.

– Қытай тілін оқу – екі ел арасын жақындататын рухани құрал. Сондықтан біз тұрғындар бір-бірін жақсы танығанын, үйреніскенін қалаймыз, – деді Сяо. Ол сөз барысында Назарбаевтың  қытай тілін үйренуге мән бергенін, Тоқаевтың Конфуций институтын көбейтуді қолдайтынын айтты. Жалпы Чжан Сяо қазақ қоғамына БАҚ беттеріндегі  дөрекі пікірлері  танылып, осыған дейін біраз сынға іліккен.

ҚР экс-президенті Н.Назарбаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келісімшарттарға қол қоюда. 8 маусым 2019 жыл. ҚХР. Фото: Ақорда

ҚР БҒМ Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының міндетін атқарушы Эльмира Асанның айтуынша, екі ел арасында үкіметаралық келісім аясында студенттер үшін жыл сайын 100-ге жуық грант бөлінеді. Қазіргі таңда Қытайдағы ЖОО 1300-ге жуық қазақстандық студент білім алуда.

Қытай тілін үйренуге арналған оқулықтар. 5 қыркүйек 2019 жыл. Фото: Г.Раманқұлова

Астанадағы НЗМ-нің  директоры Мейрам Жакенов ашылғанына 10 жыл толған білім ордасында 9 жылдан бері қытай тілі оқытылып жатқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, №81 «Astana English School» гимназиясының директоры Гүлнар Садықова өзі басқарып отырған оқу орнында оқушылар қытай тілін екінші тіл ретінде 2-сыныптап бастап меңгеретінін айтты.

«Қытай тілі ағылшын тілінен кейін екінші шет тілі ретінде 2-сыныптан бастап оқытылады. Біз екі елдің достық қарым-қатынасын жоғары бағалаймыз. Әрі бұл ынтымақтастық жалғасын таба береді деген үміттеміз», - деді 81 гимназияның директоры.

Чжан Сяомен бірге астанлық оқушылар. 5 қыркүйек 2019 жыл. Фото: Г.Раманқұлова

Қытайша ән айтып тұрған қазақстандық оқушылар. 5 қыркүйек 2019 жыл. Фото: Г.Раманқұлова

Естеріңізге сала кетсек, 2 қыркүйектен бері Жаңаөзен қаласында басталып, республиканың 10 шақты қаласында қолдау тапқан «үкіметаралық 55 жобаға», «Қытай экспансиясына» қарсылық акцияларын ІІМ «рұқсат етілмеген жиын» ретінде танып, «кез келген заңсыз шерудің жолын кесетінін» мәлімдеді. Көшірілмейтін, – бірлесіп салынатын «жоғары технологиялық су жаңа» жобалар жайлы  2019 жылы сәуірде Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаев Бейжіңде өткен «Бір белдеу – бір жол» форумында Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтқан еді. Қытайға қарсы бұқаралық көңіл-күй 2016 жылғы жалпыхалықтық жер дауынан басталып,  БҰҰ мен әлемдік өркениетті елдер тарапынан сыналған Шыңжаңдағы қысым көріп жатқан мыңдаған қазақтардың «арнайы лагерьлерде ұсталуы» хабарынан кейін өрши түскен.

Жаңаөзендіктерді қолдау және Қытай экспансиясына қарсы 6 сағат бойы өтіп жатқан Алматыдағы акция. Алматы қаласы. 4 қыркүйек 2019 жыл. Фото: QT |

"The Qazaq Times"