Бразилиядағы орман өрті рекордтық деңгейге жетті. Амазонның жүрегі, дүниенің өкпесі аталған орманның өртенуіне әлем елдері баса назар аударуда. Тіпті бұл халықаралық саяси мәселеге де айналып кетті.
Соған қарамастан ел үкіметі бірнеше күн бұрын «Үлкен жетілік» ұсынған 22 млрд доллар көлеміндегі көмек қаражатын алудан бас тартқан еді. Бразилия Францияны отарлық мәміледе болды деп сындаған. Ал, кеше өртке оранған елдің билігі көмек қаражатын қабыл алатынын, алайда оны бақылауды қатаң ұстайтынын жеткізген.
Орман өрті шытырман тоғайда жасаған мыңдаған жан-жануарлардың өмірін жалмап, енді Амазонның байырғы тұрғындары қоныстанған аймаққа жақындай түскен. Бір сөзбен айтқанда жергілікті тұрғындардың өмірі қыл үстінде тұр. Олар үкіметтің өртке қарсы шараларының жетерсіздігіне налиды. Алайда, Бразилияның ресми мәлімдемесінде: «Орман өртін Бразилия президенті қойған жоқ. Бірақ, тілсіз жаудық ауыздықтауды үкімет өзінің басты міндеті ретінде қойып отыр», – деген.
Амазонның жергілікті тұрғындары «Ең үлкен қорқыныш орманның өрті емес, Бразилияның үкіметі. Олар біздің мекенімізді, Амазонды талқандап жоқ қылуға әрекет етіп жатыр», – дейді.
Шын мәнісінде, әлем жұртшылығы «Планетаның өкпесі» аталған орманның өртенуіне қапа болып жатса, Бразилияда жердің заңды иелік құқығына таласу болып жатыр. Ормандағы өрттің себебі де сол деген сілтеулі сөз көп. Жергілікті тұрғындардың жерін тартып алу үшін үкіметпен астасқан әлде кімдер орманды өртеп жіберген болуы мүмкін дейді сондағы фермерлер.