Түркіменстанда шетелде оқуға және жұмыс істеуге шыққан азаматтар Ашғабадтың халықаралық әуежайында ұсталып жатыр, деп жазады Орта Азия ақпараттық қызметі.

Азаттықтың түркімен қызметі хабарлағандай, соңғы айда ондаған азамат шетелге шыға алмай қалған. Ашғабад әуежайында миграция қызметкерлері тыйым салыну себептеріне ресми түсініктеме берген емес.

Түркияда оқыған, аты-жөнін атағысы келмеген түркіменстандық жігіттің айтуынша, шілде айынан бері түркімен билігі азаматтарды оқуға және жұмыс істеуге Оңтүстік Кипрге шығармай жатыр.

"Азаматтардың көбінің еңбек және студенттік визасы бар екеніне қарамастан Ашғабадтан шығармай жатыр. Менің де жиенім шетелде оқиды. Жазғы демалыста үйіне барған. Оны да қазір студенттік визасына қарамастан, жібермей жатыр. Ол ешқандай заңдарды бұзған емес", - деді тұрғындардың бірі

Осыған дейін Түркіменстанда дипломдары танылмайтын шетелдік жоғары оқу орнының тізімін жариялаған.

Ашғабад сыртқы миграция ағымына қарсы күресу үшін азаматтарын шетелден қайтару және сыртқа шығармау бойынша арнайы шаралар жасап келеді.

"The Qazaq Times"