Кеше ел астанасында экс-президент Н.Ә.Назарбаев ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминді қабылдады. 19 тамыз күнгі қабылдау туралы Тәуелсіз Қазақстанның бірінші президентінің кеңсе сайты хабарлады. Кездесу барысында биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері талқыланған. Назарбаев Арыс қаласының әлеуметтік маңызды нысандары мен тұрғын үйлерін қалпына келтіру процесіне, сондай-ақ Түркістанды дамыту шаралары, Үкімет пен Nur Otan партиясының бірлесе жұмыс істеуінің маңыздылығын сөз еткен. Сондай-ақ, ресми хабарламаларға қарағанда, кездесуде ұлттық экономикаға шетел капиталын тарту және өңірлердегі инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері қаралған.
Бір қызығы, осыдан екі жұма бұрын Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та премьер-министр Асқар Маминді қабылдап, аталмыш жайттармен мәндес бірқатар мәселелер туралы тапсырмалар жүктеген болатын. Атап айтқанда, Үкімет премьері Арысты қайта қалпына келтіру және Түркістандағы инфрақұрылым жөнінде баяндап, елімізге тартылған инвестициялар көрсеткіші, Еуразиялық экономикалық одақ аясында ықпалдастықты дамыту, 2020 жылы Көкшетау қаласында өтетін Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы форумына дайындық туралы айтылған еді. 6 тамыз бен 19 тамыз Үкімет басшысы экс-президент пен президент арасында қайта-қайта баяндама жасап жүрген А.Маминнің кездесулері тақырыбы әлеуметтік желілерде біршама «қайнаған шәйнекті» еске салатын полемика платформасына айналып үлгерді.
Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда Қазақстан халқына өз өкілеттігін тоқтататыны туралы мәлімдеген еді. «Өздеріңіз білесіздер, заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде қызмет ете беремін. «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесімін. Яғни өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді», – деген еді ол өз үндеуінде.
Бұған дейін қабылданған заңдарға сәйкес, қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие Назарбаев биыл 16 мамырда өткен XII Астаналық экономика форумында:
– Мен Қазақстанда екіұдайылық болмайды деп ойлаймын. Бір ғана президент бар, Бір ғана президент бар және ол – ең бастысы. Оны сайлағаннан кейін бәріміз соған жұмыс істейтін боламыз, – деген еді модератор, Euronews журналисі Штефан Гробенің сұрағына жауап бере отырып. Көп өтпей белгіленген күні 9 маусым жалпыхалықтық Сайлау арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев ел президенттігіне сайланған еді. Бірақ...