Оңтүстік Кореяның қорғаныс күштерінің хабарлауынша, Солтүстік Корея өзінің шығыс теңіз жағалауында жаңа зымыран сынағын өткізген. Бұл АҚШ пен Оңтүстік Корея арасында жалғасып жатқан әскери оқу-жаттығуға берген жауабы қатарында бағаланып отыр. 

Сеулдің мәлімдеуінше, Солтүстік Корея жұма күні теңіз жағалауында екі зымыран ұшырған. Аталған мәлімдемеде зымыран сынағы туралы ашалап айтпаған. Алайда, Оңтүстік Корея қорғаныс күштері зымыран шабуылдарынан сақтану шараларын жасай бастаған. Осымен Солтүстік Корея қысқа ғана 3 апта ішінде 6 зымыран сынағын өткізіп үлгерді.

КХДР-ның Оңтүстік Кореяға қарата үркіту-қорқыту мәлімдемелерімен қатар, арт-артынан зымыран сынақтарын өткізуі екі Корея арасында диалогтың қайталай алыстай түскенін, Пиоңяңның (Пхеньян) Сеул немесе Уашингтонмен келіссөзден бас тартқанын білдіреді.

Солтүстік Кореяның кеше қандай зымыран ұшырғаны туралы анық дерек жоқ. Бірақ, жақында өткізген сынақтарында КХДР қысқа қашықтыққа арналған баллистикалық зымырандарды ұшырған еді. Бұл зымырандар АҚШ пен Оңтүстік Кореяның зымыранға қарсы жүйесін орналастыруға қарсы жасаған әрекеті деп бағаланған болатын.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяның әр қандай баллистикалық зымыранды ұшыруына тыйым салған болатын. Бірақ, АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореяның зымыран сынақтары Құрама Штаттар үшін еш қауіпсіз екенін айтып келеді. Оның айтуынша Солтүстік Кореяның ешбір зымыраны АҚШ территориясына жете алмайды.

Ал, өткен аптада Трамп Солтүстік Кореяның зымыран сынақтары туралы жасаған мәлімдемесінде, бұл әрекеттерге "кіші-кірім кешіріммен қарайтынын", АҚШ-Оңтүстік Корея арасындағы әскери оқу-жаттығулар аяқталысымен Солтүстік Кореяның да зымыран сынағы тоқтайтынын болжаған. Мәліметтерге сәйкес, екі елдің әскери жаттығуы енді 4 күннен кейін өз мәресіне жетеді.

Пиоңяң көп уақыттан бері АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларын агрессивті сипаты бар деп шағым айтып келген. Алайда, Уашингтон мен Сеулдің қорғаныс өкілдері бұл жаттығуларды қорғаныс сипатындағы дәстүрлі жаттығулар ретінде көрсетеді. Солтүстік Корея бір күн бұрын ресми ақпарат құралдары арқылы АҚШ пен Оңтүстік Кореяның кейбір әскери әрекеттері "Жаңа суық соғысқа" ұрындырады, өңірде қару-жарақ бәсекесін тудырады деп ескерткен болатын.

“The Qazaq Times”