Ресейдің Северодвинск қаласының маңындағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан ядролық қуаты бар зымырандарды жасап жатқан ғылыми қызметкерлердің қаза болғаны белгілі болған еді. Ресейлің "Росатом"-ы эксперттердің ядролық-энергетикалық қозғалтқышты сынақтан өткізіп жатқанын растаған. Алайда, жарылыс турасында ешқандай қосымша ақпарат берген емес.
Мәліметтерге қарағанда, инженерлер Арктикадағы теңіз күштерінің зымыран сынау базасында сынақ өткізіп жатқан. Ресей бұл жерде "Буревестник" ядро-энергетикалық зымыран қозғалтқышын сынаған. Бірақ, Кремль апатты жағдайдың нақты себебін көрсетпей отыр. Алайда, Ақ үй тарабы аталған жарылыс кезінде қандай қарудың сынақтан өткізіліп жатқаны туралы анық мәліметке ие екенін айтып қалды. "Бізде де осыған ұқсас қару бар. Алайда, ол заманауи технологиялармен жабдықталған", – деген АҚШ президенті.
Ол және "Скайфол" апатынан кейін маңындағы тұрғындар үшін ауадағы химиялық элементтердің зияны туралы да айтып кеткен. Жарылыстан кейін Северодвинск қаласының ресми лауазымдылары радиация қаупінің жоқ екенін мәлімдеген еді. SSC-X-9 Скайфол деп отырғаны - Ресейдің 9М730 ядро-энергетикалық қозғалтқышы бар зымырандарының кодтік атауы. Жаңа зымыран туралы Ресей президенті Путин бұдан бір жыл бұрын мәлімдеме жасаған еді. Онда ол Ресей жасап жатқан жаңа зымыран еш елдің зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне ұсталмайтын бірегей қару екенін көбірек айтып еді. Сондай-ақ, "Буревестник" зымыраны қалаған қашықтыққа ұшып жете алатынын да баса айтқан. НАТО тарабы оған SSC-X-9 Скайфол деген ат қойған.
The New York Times басылымы болса АҚШ барлау қызметінің мәліметтеріне сүйене отырып, Северодвинск қаласының маңындағы апатта дәл осы "Буревестник" зымыраны сынақтан өткізіліп жатқан деп жазды. Алайда, Ресей мен АҚШ-тың ресмилері бұған ұқсас қандай да бір мәлімдеме жасамады.
Шетелдік басылымдар мен әр елдің сарапшыларының пікірлерін қорытатын болсақ, Ресейдің жаңа қарулар сынағы Кеңес одағы кезінде басталған "арман-қиялдардың" жалғасы деуге болады. Сол кездегі іске аспай қалған жобаларға инвестиция салып, жүзеге асыруға тырысып жатқандары да бар. Алайда, "Буревестник" зымыраны сынды жобаның сәтті жүзеге асуы екіталай деген болжамдар да бар. Бұл да болса "Қырғи-қабақ соғыс жылдарындағыдай" державалар арасында қару-жарақ бәсекесінің қайта жандана түскенінен дерек берсе керек.