Федерация кеңесі төрағасының халықаралық істер бойынша орынбасары әрі Ресей егемендігін қорғау бойынша комиссия мүшесі Андрей Климов Мәскеуде өтіп жатқан қарсылық акцияларына Батыс елдері араласып отыр деп мәлімдеді.

Оның сөзінше, бұл істе ең бірінші АҚШ "ойнап" отыр. Климов 10 тамызда Академик Сахаров даңғылында өткен митингке "өзге елге қызмет етемін деп ант берген" "екі азаматтығы бар" адамдар қатысты деп мәлімдеді.

Климов мысал ретінде рэпер Oxxxymiron-ды атап, "34 жыл өмірінің көп бөлігін Батыс Еуропада, Ұлыбританияда өткізді, енді келіп Мәскеу қалалық думасына депутат болғысы келеді" деді.

Ол рэперден бөлек акцияға қатысушыларға құқықтық кеңес берушінің де АҚШ азаматы екенін айтты.

Алайда Федерация кеңесі мүшелерінің басым көпшілігінің шетелде жылжымайтын мүліктері бар. Атап айтқанда жоғарғы палатаның Тамбов облысы бойынша өкілі Александр Бабаковтың Парижде құны 16 миллион доллар тұратын пәтері бар. Ал интернетте билікті балағаттағаны үшін жазаға тарту заңының авторы Андрей Клишастың Швейцарияда зәулім үйі бар.

Кеңестің Тульск облысы бойынша өкілі Дмитрий Савельев Ұлыбритандиядан 500 шаршы метрлік үй сатып алған. Федерация кеңесінің өзге мүшелері Любовь Глебованың Германияда, Виталий Богдановтың Италияда зәулім сарайлары бар.

"Кремлёвский безбашенник" телеграм-каналының мәліметі бойынша, Федерация кеңесінің кемінде жеті мүшесінде шетел азаматтығы бар. ​

Осының алдында Мәскеу мэрі Сергей Собянин «наразылық шарасына қатысушылардың дені мәскеуліктер емес» - деп мәлімдеген.

Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, өткен сенбіде Сахаров даңғылында өткен митингіге қатысушылардың 80 пайызы мәскеуліктер, қалған 17 пайызы Мәскеу облысының тұрғындары.

Мәскеу қалалық дума сайлауына тәуелсіз үміткерлерді өткізуді талап етіп жатқан оппозицияның акциясы бір айдан бері жалғасып жатыр. ​Осы уақыт аралығында полиция үш мыңнан астам адамды ұстады.

"The Qazaq Times"