«Узбекистон хаво йуллари» ұлттық әуе компаниясы қарыздарын жабу үшін сегіз ұшағын сатылымға шығармақ.

Дереккөздің хабарлауынша, алдағы айда әрқайсысы 250 миллион доллар тұратын «Boeing 787-8 Dreamliner»-дің екі ұшағы сатылымға қойылмақ.

Көлік және авиация саласында жұмыс істейтін лауазымды шенеуніктердің айтуынша, «Узбекистон хаво йуллари» компаниясы әу бастан нарық заңына қарамастан, өзінің коммерциялық қызметін жүзеге асырған. Сол себептен алған несиені төлей алмай отыр.

Дереккөздің мәліметінше, ұлттық компания үкіметпен бірлесіп сегіз бірдей ұшақты сатуға қоюға келіскен.

Қазір рейстерде орындардың 84 пайызы сатылады. Ол әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Бірақ соған қарамастан әуе компаниясы алған несиесін төлей алмай келеді. Сарапшылардың пікірінше, «Boeing 787-8 Dreamliner» ұшақтарын сатып алу кезінде жемқорлық орын алған.

«Узбекистон хаво йуллари» мемлекеттік компания болғанымен, оған бөлінетін қаржы құпия. Болжам бойынша, ұлттық мекеменің жылдық табысы 800 миллион доллар.

Компанияның нақты қанша қарызы бар екендігі белгісіз. Сарапшылар пікірінше, қарыз шамамен 2-3 миллиард доллар болуы мүмкін.

«Flightradar24» мәліметінше, қазіргі уақытта «Узбекистон хаво йуллари» әуе паркінде 37 ұшақ бар.

"The Qazaq Times"