Украинаның Жоғары Рада депутаттығына үміткер ретінде 5845 адам ресми тіркелген.

Кезектен тыс Парламенттік сайлау 21 шілде күні өтеді. Мемлекеттік орталық сайлау комиссиясы шамамен 9 тамызда сайлаудың ресми қорытындысы мен IX шақырылымға өткен депутаттардың тізімін жариялайтын болады. Украинформ сайтының мәліметінше, Орталық сайлау комиссиясына тіркелген адамдар қатарында әр сала иелері, тіпті жұмыссыздар бар. Осылайша, Парламентке 6 партия өкілдері өтіп, бір орынға 45 адамнан таласпақ. Бұған қатысты Украина ОСК мүшесі Евгений Радченко: «11 шілдедегі көрсеткіш бойынша «Украина» полиграф комбинатына 60 миллион 398 мың 300 сайлау бюллетенін басып шығару туралы өтініш берілді. Бюллетеньге енген партия саны – 22. Бір мандатты сайлау округі бойынша ең аз үміткер Хмельницкий өңірінде тіркеліп отыр, мұнда бір орынға бес адамнан келеді, ең көбі Одесса аймағы, мұнда бір депутаттық орынға 46 адам таласады», – деп хабарлады.

Мәліметтер бойынша, үміткерлер саны көп болғандықтан, сайлау бюллетендерінің ұзындығы 80 см-ге дейін жеткен. Сайлау алдында комбинат тәулік бойы жұмыс кестесіне көшіп, миллиондаған бюллетенді басуға комбинаттың 800 қызметкері тер төгуде. Нәтижесінде, мемлекеттік полиграфкомбинат 53 млн 500 мың сайлау бюллетенін, яғни сайлау қағазының 85%-ын шығарған.

18 мамырда Украина президенті Жоғары Раданы тарату туралы жарлық қабылдаған болатын. Зеленский командасы Жоғарғы Раданы мерзімінен бұрын таратуды Парламент коалициясындағы депуттатардың аздығымен түсіндірді. Бұған дейін коалицияны «Самопомощь» және «Батькивщина» партиялары тастап кеткен. Қазіргі уақытта Парламентте «Петр Порошенко блогы» мен «Халық фронтының» 226 депутаты бар. Бұл саны жағынан Парламенттің жартысы ғана.

 

"The Qazaq Times"