Ресми Уашингтон Иранға қарсы санкция енгізді. АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон Вашингтонда өткен конференцияда осындай мәлімдеме жасады.
Болтонның айтуынша, Дональд Трамп Иранмен ядролық бағдарлама бойынша жаңа келісім жасауды мақсат етіп отыр. Бірақ, Иран тарабы аталған келісімді бұзғандықтан, Құрама Штаттары жаңа санкцияларды жүзеге асырып отыр.
Осыған дейін тараптар арасында өткен келіссөздер еш нәтиже берген жоқ. Ал жуырда Иран уран байыту деңгейін 3,67 ұлғайтты. Осылайша, Теһран ядролық келісімге байланысты өз міндеттемелерін орындауды уақытша тоқтатып отыр. 24 маусымда АҚШ президенті жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде, Иранға бағытталған экономикалық санкциялардың қашан жойылатынын да атап өтті. Ол сөзінде: «Иран ешқашан ядролық қаруға ие бола алмайды. Теһран қашан сындарды даму жолына түскенде, экономикалық санкциялар жойылатын болады. Иран ядролық қарудан бас тартқан кезде мен олардың досы боламын», – деп мәлімдеме жасады.
Айдың басында атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) сарапшылары Иранның 2015 жылдан бері алғаш рет белгіленген межеден артық уран қорын байыта бастағанын мәлімдеген. Иранның аз байытылған уран қорларын ядролық келісімдегі шектеуден асырғаны белгілі болған соң, Еуропалық одақ елдері Теһранға ескерту жасады. Дегенмен, Иран президенті Хасан Роухани халықаралық шектеуге қарамастан өзіне қажет мөлшердегі уран қорын байыта беретінін мәлімдеді. Иран жетекшісі бұған қоса ядролық жобаларының бір бөлігін тоқтату жайлы АҚШ-пен жасаған келісімді Уашингтон мойындауы тиіс деді. Егер бұл жөнінде Теһран Уашингтонмен келісімге келе алса, «қалаған мөлшерде уран байыту» ойынан қайтатынын, сондықтан халықаралық қауымдастық бұған алаңдамауы қажет деп хабарлады.