Оңтүстік Корея әскерилерінің айтуынша, КХДР Жапон теңізіне қарай бірнеше баллистикалық  зымырандарын ұшырды деп хабарлайды bbc.com. 

Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде  Қытай шекарасының маңындағы Тончхан провинциясының полигонынан бірнеше баллистикалық зымыран Жапон теңізіне қарай ұшырылды делінген.

Ұшырылған 4 зымыранның қандай түрі екендігі туралы мәлімет жоқ.

Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігінің ресми өкілінің оңтүстік кореялық телеарнаға берген сұхбатында, бұл құрлық аралық зымырандар болуы мүмкін деп отыр.

Фото: KOREA NEWS SERVICE

Соңғы рет Солтүстік Корея зымырандарын осы жылдың 12 ақпанында ұшырған еді. 

Қаңтар айының басында Солтүстік Кореяның көшбасшысы Ким Чен Ын баллистикалық зымырандарды жасап жатқандығын және бұл жолғы зымырандар алыс радиуста іске қосылып, Америка жағалауына дейін жететіндігін айтқан болатын.

Өз сөзінде Ким Чен Ын: "Солтүстік Корея - ең мықты жаудың өзіне төтеп бере алатын Шығыстың әскери державасы" - деп, атап өтті.

Пентагон басшысы Джеймс Мэттис 3 ақпан күнгі Оңтүстік Кореяға барған ресми сапарында АҚШ-тың одақтастарына   КХДР тарапынан кез-келген ядролық шабуыл жасалатын болса, "тиісті жауап" қайтарылатындығын жеткізген болатын.

Фото: bbc.com
"Родон" баллистикалық зымыраны

АҚШ президенті Дональд Трамп ресми сайланар алдында, Солтүстік Кореяға АҚШ шекарасына жететін ядролық зымыран жасауына  мүмкіндік бермейтінін айтып және Қытайды Вашингтон мен КХДР арасындағы мәселелерді шешуде көмектеспей жатқандығын сынға алып еді.

Солтүстік  кореялық зымырандар туралы бағдарлама  аса құпия түрде жасалып жатыр. Ол туралы кез-келген ақпарат алу мүмкін емес болып отыр. Тек ұшырылған кездегі параметрлерін қадағалау арқылы аздаған ақпаратқа қол жеткізуге болады.

"The Qazaq Times"