Түркия билігіндегі "Ақиқат және даму" партиясы Стамбулдағы сайлауда екінші рет ұтылып қалды. Стамбулдың мэрін сайлау үшін болған бәсекеде оппозициялық партия өкілі Екрем Имамұғлу 54 пайыздан астам дауыспен жеңіске жетті. 

Наурыз айында өткен сайлауда президент Ердоған басқарған партия ойламаған жерден елдің үш ірі қаласында жеңіліс тапты. Алайда, "АҚ" партия аталған билік партиясы дауыс беруде бұрмалаушылықтар болғанын алға тартып, қайта сайлау өткізуді талап еткен. Алайда, екінші реткі сайлауда да анық басымдықпен оппозиция өкілі жеңіске жетті.

Стамбулдың мэрі болуға "АҚ" партия өкілі, президент Ердоғанның жақын жақтасы Бинали Йлдырым түскен болатын. Сайлаудан нәтижесінен кейін Ердоған Имамұғлуын өзінің әлеуметтік желі парақшасында құттықтады.

Сайлаудың бұл нәтижесі Ердоған билігі үшін үлкен соққы болды деп бағалануда. Себебі, 17 миллионнан астам халқы бар Стамбул  елдің ірі қаржы және экономикалық орталығы болып саналады. Сондай-ақ, Стамбул Ердоғанның жеке өмірі үшін де аса маңызды деп айтуға болады. Ол өзінің саяси карьерасын осы қаладан бастап қалаған. 1994 жылы сайлауда жеңіп шыққан Ердоған Стамбулдың мэрі болды және Түркиядағы үлкен саясатқа араласа бастады. Оның үстіне "Стамбулда жеңіске жеткен адам, Түркияда да жеңіске жетеді" деген сөзді Ердоған заманына тән идиома деуге болады.

Стамбулдың жаңа басшысы қала мен елдің Еуропа бөлігінде "жаңа дәуірдің" парақшасы ашылды деп мәлімдеді және президент Ердоғанмен селбесуге дайын екенін білдірді. Имамұғлуның жүздеген жақтастары көшеге шығып жеңісті мерекелеуі де оппозициялық партияның беделін арттырды.

“The Qazaq Times”