Қазақстанда соңғы үш жылда 40 млрд теңге жымқырылған.
Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соңғы үш жылда жымқырылған қаржы көлемін есептеді. Мекеме басшысы Алик Шпекбаев: «Елдегі әлеуметтік мәселелердің көбін жымқырылған ақшамен-ақ оңай шешуге болады. Қаражат тәркіленіп, науқас балаларды емдеу мен көпбалалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға жұмсалса, азаматтарға кәдімгідей медеу болар еді», – дейді. Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстандағы құқық қорғау органдары мен бақылаушы, қадағалаушы органдарды уақтылы тексеріп отыруды заңды түрде бекіту керек деген ұсыныс білдіріп отыр.
Биыл Transparency International (TI) халықаралық ұйымы жүргізген жыл сайынғы жемқорлық индексі бойынша Қазақстан 124 орында. Ұйым есебінде 2018 жылы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің «мемлекеттік және қоғамдық салаларда сыбайлас жемқорлық деңгейін азайтуда ілгері баспай, аймақта демократияға қауіп төндіргені» айтылған болатын.
2017 жылы жемқорлық индексінде 31 балмен 131-орында тұрған Қазақстан 2018 жылы дәл сондай 31 балмен екі саты төмендеп, Джибути, Габон, Мальдив және Непалмен қатарласқан. Қазақстан 2016 жылы жемқорлық индексінде 123-орында болған еді.
TI есебінде «іс жүзінде (Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның) барлық елдері 100 балдан 45 немесе одан да аз балл алды, коррупциямен күресте болмашы ғана прогресс бар. Саяси ерік-жігері жоқ, азаматтық институттары әлсіз және саяси бостандықтар шектелген қоғамда жемқорлықтың әлсіз қарсылыққа бой бермей, дендей береді» – делінген. Мұнымен қатар, «Қазіргі кезде Ресейден бастап Әзербайжанға дейін, Украинадан бастап Өзбекстанға дейін көптеген елдерде көбіне авторитарлық басқару кесірінен демократиялық институттар мен нормаларға қатер төніп тұр. Демократиясы әлсіз қоғамда коррупция өршиді. Мемлекеттік сектордағы коррупциямен күресте саяси ерік-жігердің жоқтығы азаматтардың саяси құқықтарын бұзады, соның кесірінен адамдар кейін әсері қалай болады деп алаңдап, ой-пікірін ашық білдіре алмайды, шеру өткізу және бірігу бостандықтарын пайдалана алмайды», – делінген.