Қазақстаннан өзге мемлекеттерге 172,8 миллиард теңге аударылған.

Ranking.kz сайтының мәліметіне қарағанда, көрсетілген сома қаңтар мен сәуір аралығында аударылған. Аударымдардың ең көп сомасы Ресейге тиесілі. Сонымен қатар, қаржының үштен екі бөлігі Ресей, Өзбекстан және Түркияға аударылған. Қаржының басым бөлігі «Золотая Корона» халықаралық ақша аударымдар жүйесі арқылы жүзеге асырылған.

Биылғы көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 8,6%-ға артық. Солтүстіктегі көрші елге 65 миллиард теңге жөнелтілген. Екінші орында – Өзбекстан. Бұл мемлекетке Қазақстаннан 26 миллиард 500 миллион теңге аударылған. Өткен жылмен салыстырғанда 36,2%-ға жоғары. Үшінші болып тізімде тұрған Түркияға 25,8 миллирд теңге аударылған.

Ал алтын қорына тоқталып өтер болсақ, 2019 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанның жалпы халықаралық қоры 13,6%-ға азайған. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, қордың кемуіне корреспонденттік есепшоттағы шет ел валютасының азаюы әсер етті. Оған қоса үкіметтің сыртқы қарыздарын өтеу сынды міндеттерді орындау себеп болған. Дегенмен, алғашқы төрт айда халықаралық қордағы алтынның үлесі бұрынғымен салыстырғанда біршама артқан.

Айта кетейік, жақында Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша, бір АҚШ доллары 384 теңге 02 тиынға тең. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 384-385 теңгеге сатып алуға болады.

"The Qazaq Times"