Бұдан 30 жыл бұрын дәл осы күні (4 маусым) Қытай астанасы Бейжіңнің орталық алаңы – Тяньаньмэньде ( ары қарай Тянанмын) демократияны талап еткен қытайлық жастарды коммунистік билік қарулы күшпен басып жаншыды. Қарусыз мыңдаған студент жастарға қарсы аяусыз қастандық тарихқа  «Тянанмын қырғыны», «Тянанмын оқиғасы»  немесе «4 маусым оқиғасы» деген атпен қалды. Бүгін аталмыш тарихи оқиғаға 30 жыл толуына орай, әлемнің бірқатар елдері, әсіресе демократиялы Батыс елдерінде еске алынуда.

Ай бойы жалғасқан демократиялық демонстрация. Фото: VOA.

30 жылдан кейінгі Қытай үкіметінің көзқарасы әлемді алаңдатты

Қытай қорғаныс министрі Вей Фыңхы 2 маусым күні жасаған мәлімдемесінде, Қытай Коммунистік Партиясы «4 маусым оқиғасына» байланысты дұрыс шешім қабылдады деген пікірін білдірген. Ол сөзінде ҚКП қарсылықты жою үшін батыл шешім қабылдап, орнықтылықты сақтап қалды деген уәжін келтірген, әрі 4 маусым оқиғасын «саяси қақтығыс» ретінде бағалап, ҚКП Қытайдағы тұрақтылықты қорғау үшін шешуші шаралар қабылдады деп санайтынын жеткізеді. Вей Фыңхы Қытайдың соңғы отыз жылдағы «елеулі өзгерістері» 4 маусым оқиғасындағы ҚКП-ның дұрыс шешімінің нәтижесі деп санайды.

«Тянанмын оқиғасында» қаза болғандардың нақты саны туралы анық мәлімет жоқ. Қытайдың ресми деректеріне сенер болсақ, сол реткі оқиғадан 3 мыңға жуық адам жарақат алып (әскерилерді қоспағанда), 200-ден астам адам қаза болған. Ал, бүгінгі күнде коммунистік Қытай үкіметінің қуғынында жүрген, «Тянанмын қырғынының» куәгерлері, әскери зорлық-зомбылық әрекеттерінен мыңдаған, тіпті он мыңнан астам адам қаза болған деп көрсетеді.

Қытай қорғаныс министрі Вей Фыңхы. Фото: VOA.

Айта кетейік, сол тұста Қытайдың орталық қаласында оқып жатқан қазақтың ылғары студент жастары да аталған оқиғаға куә болған. Тіпті, 4 маусым күнгі қырғыннан зардап шеккен, оққа ұшқан және із-түссіз жоғалып кеткен қазақ жастары да бар.

Осы оқиғадан зардап шеккендер және қуғын-сүргінге ұшырағандарды, қаза болғандарды Қытайдың ресми билігі «репрессия» немесе «репрессия құрбандары» ретінде танудан бас тартып келеді.  Оның үстіне, мыңдаған қыршын жастың өліміне және әлемге жасаған әсерінің соншалықты нашарлығына қарамастан Қытай қорғаныс министрінің аталмыш пікірі әлем жұртшылығын алаңдатып отыр.

«Тянанмын қырғыны» Ши Жинпиң тұсында қайталануы мүмкін»

Дүйсенбі күні, АҚШ-тағы дипломатиялық ұйым «Қытайдың ағымдағы қауіп-қатері жөніндегі комитеті» «Тянанмын оқиғасының» 30 жылдығына орай конференция ұйымдастырып, аталған оқиғадан кейінгі коммунистік Қытай режимінің әлемге жасаған әсері мен ықпалы туралы талқы оздырды. Конференцияда Гарвард университетіндегі Ғылым және халықаралық мәселелер жөніндегі орталықтың бұрынғы ғылыми қызметкері әрі аталған комитеттің мүшесі Брэдли А. Тэйер қазіргі ҚКП жетекшісі Ши Жинпиң билігі тұсында «Тянанмын оқиғасы қайталануы мүмкін» деген пікірін білдірген.

«Жалпы алғанда, оның билігі ленинизм мен маоизмнің ізбасары ретінде басталғандықтан, партиялық билікті қорғау үшін зорлық-зомбылық пен күш қолдану, ұқсамаған саяси көзқарастарды жою мақсатында түрлі механизмдерді пайдалану табиғи үрдісіне айналады. Сондықтан да, «Тянанмын оқиғасының» қайталану мүмкіндігі Дэн Сяопин билігінен кейінгілермен салыстырғанда әлде қайда жоғары», – дейді   Брэдли Тэйер.

"Танк адам" – 1989 жылы 4 маусым.

Оның ойынша, қазіргі Қытай басшысы коммунизмнің идеясының фундаменталисті ретінде белгілі, демек ол партия билігін бекемдеу мақсатында сөз бостандығына тыйым салу, интернеттік бақылауды күшейту сынды шараларға қоса, орнықтылықты сақтау мен ережелерді қорғау үшін әскери күштерден абсолютті адалдықты талап етеді.

Ол және «Тянанмын қырғыны» қайталанса, бұл коммунистік Қытай билігі мен халықаралық қауымдастық арасындағы дағдарысты алып келеді деп болжайды.  Сондай-ақ, Тэйер 30 жыл бұрын Құрама Штаттың аталған қанды оқиғаға араласу мүмкіндігін жоғалтып, қан төгіске жол беріп қойғанын, коммунистік режимнің әлсіз буынын ұстауға дәрменсіздік танытқанын да сынға алған.

Осы конференцияда Қытай қорғаныс министрінің пікірі де көбірек сын-пікірге ұшырады. Конференцияға қатысушылар Қытай қорғаныс министрінің пікірі «Ши Жинпиң билігінің халыққа қарсы зорлық-зомбылық әрекетті қолдағанын», «бір партия және оның жетекшісі үшін бұндай әрекеттен тайынбайтынын көрсетеді» деп қарайды.

Қанды оқиғаның 30 жылдығына байланысты

Осы бір тарихи оқиғаға байланысты ең кең тараған фото сурет танк адам аталған студент жас қыздың фото суреті. Оның алаңдағы студенттерге келе жатқан танктерге қарсы тұрған әрекеті сол алаңдағы жастардың ерлік даңқы ретінде айтылады. АҚШ Конгресінің мүшелері 4 маусым оқиғасының 30 жылдығын еске алған мәлімдемелер жасады. Олар да «танк адам» аталған студент қыздың ерлігін көбірек сөз еткен. Әрі, Қытай билігін 4 маусым оқиғасына байланысты дұрыс баға беріп, зардап шеккендерге рухани төлем төлеуге шақырған.

Соңғы бірнеше күнде Қытай үкіметі 30 жыл бұрынғы демократиялық демонстрацияның ықпал қатерінен алаңдай бастады.  Бір қатар ірі қалаларда қауіпсіздік шаралары күшейтілді, әсіресе, орталық қала Бейжіңде қатаң қауіпсіздік ережелері атқарылып, Тянанмын алаңына кіретін бірнеше жолдар жабылған. Алаңды күзеткен қауіпсіздік қызметкерлерінің саны да көбейтілген.

“The Qazaq Times”