Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы 2020-2021 жылдары Өзбекстанда Атом электр станциясы (АЭС) салынатынын мәлімдеді.

Корпорацияның басшысы Алексей Лихачевтың айтуынша, құрылысқа Жызақ облысы Фариш ауданындағы Айдаркөл су қоймасы маңы таңдалған.

"Бірнеше вариант қарастырылды, соңында осы жерді таңдадық. Бірақ атомдық блокты Айдаркөлге құруға лицензия алғаннан кейін ғана шешіледі деп айтсақ болады. Біз 2020 жылдың соңына дейін барлық рұқсат қағаздарды алып, құрылысты 2020-2021 жылдары бастағалы отырмыз",- дейді Лихачев.

Айдаркөл – Өзбекстанның солтүстік шығысындағы ірі көл. Ол 1960 жылдардың басында Сырдария тасығаннан кейін пайда болған. Әзір бұл суы тартылып кеткен Арал теңізінен кейінгі көлемі жағынан екінші көл болып есептеледі.

Өзбекстанда АЭС құру мәселесі өткен ғасырдың 80 -жылдары көтерілген. Бірақ жер сілкінісі қауіпі жоғары болғандықтан, кейінге қалдырылған. XXI ғасырдың басында Ресейдің "Росатом" корпорациясы АЭС салуға қайта қызығушылық білдіріп, 2017 жылдың желтоқсан айында екі елдің билігі АЭС салу жөнінде келісімге қол қойды.

Естеріңізге салайық, Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға да ел аумағына атом электр станциясын салуға ұсыныс жасаған. Бұл қазақ қоғамында қызу талқыланып, бірнеше рет қарсылық акциялары өткен. Кейіннен энергетика министрі Қанат Бозымбаев АЭС салынатын болса, міндетті түрде халықпен ақылдасатындығын айтқан.

"The Qazaq Times"