Жапонияда мемлекеттік сапарда жүрген АҚШ президенті кеше Солтүстік Корея мәселесіне байланысты "қуанарлық істердің болатынын" айтты. Оның айтуынша, Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын) көреген адам және ол елінің дамуы үшін ядролық қарудан бас тартады. "Өз басым Солтүстік Корея мәселесіне байланысты көптеген жақсы өзгерістер болады ойлаймын", – деген президент Трамп. 

АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея туралы жаңа мәлімдемесінен бұрын, Жапонияның бас уәзірі (премьер-министрі) Шинзр Абемен кеңейтілген құрамада кездесу өткізген болатын. Кездесуден кейін екі ел басшысы бірлескен баспасөз жиынын өткізді. Трамптың пікірінше Солтүстік Корея ядролық бағдарламаны дамытуға қадам жасамайды, себебі, Ким Жоң Ун ядролық қару-жараққа сүйену арқылы дамудың қиыншылықтары мен кемшіліктері туралы жақсы біледі.

АҚШ президенті бұған дейін де Солтүстік Кореяның соңғы зымыран сынақтары олардың келіссөзден мүлде бет бұрғанын көрсетпейді деген пікірде болған. Және осы мәселе бойынша АҚШ президенті мен оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі арасында пікір қайшылығы туылған еді. Болтон Трамптан бір күн бұрын жасаған мәлімдемесінде, Солтүстік Кореяның зымыран сынақтары БҰҰ қарарына қайшы деген мәлімдеме жасаған еді.

Жапония Солтүстік Кореяның зымыран қаупінен алаңдайды. Солтүстік Кореяның бірнеше реткі табысты сынақтары Жапон теңізінде жасалды және баллистикалық зымырандары Жапония кеңістіктерінен ұшып өткен болатын. Токио билігі АҚШ пен Солтүстік Корея арасында келіссөздердің жалғасуын және Корей түбегінің тез арада ядролық қарусыздануын үміт етеді.

“The Qazaq Times”