Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттыру мақсатында бірнеше жобаларды қолға алмақ.

Бішкекте өткен еркін ақпарат алу және баспасөздің рөлін арттыру туралы екінші медиафорумда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков: «Мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара құрмет атмосферасын жасау ШЫҰ-ның басты міндеттерінің қатарында. Оған жету үшін БАҚ-тың атқаратын рөлі өте маңызды. Атап айтқанда, ашық диалог құрып, өзара қатынас орнатуға септігін тигізеді. Соңғы жылдары ұйымға қатысушы елдерді ресми хроника ғана емес, ұйымға мүше елдердің тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі қызықтырады. Көпшіліктің сұранысын қанағаттандыру үшін БАҚ тілшілеріне мүмкіндік те артып келеді», – дейді.

2018 жылы басталған форум биыл Қырғызстанда ұйымдастырылды. Форум нәтижесі бойынша алдағы уақытта Қырғызстан тарапынан ұйымның үкімет басшылары арасындағы ортақ келісімдерге қол қою мәселесі қарастырылып, мүше мемлекеттер арасында бірлескен конференциялар, біліктілікті арттыру мәселелерін қарастыру жоспарланған.

Шахай ынтымақтастық ұйымы мен Қырғызстанның еркін баспасөзге ұмтылуы күдік ұялатады. Естеріңізде болса, 2018 жылы желтоқсанда Қытайда туыстары жоғалып кеткен бірнеше Қырғызстан азаматы президент Сооронбай Жээнбековтен көмек сұраған. Кейіннен Қытайдағы этникалық қырғыздарды қорғау комитеті құрылып, жағдайдың мән-жайын халық пен билікке түсіндіру мақсатында жиын өткен. Мәселе оңтайлы шешімін таппаған соң, белсенділер Бішкек қаласындағы Біріккен ұлттар ұйымы ғимаратының алдында халықаралық қауымдастық өкілдері мен БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутеррештен Қытайда қысым көріп жатқан қырғыз-қазақ ұлттарына араша сұрады. Осы мәселені ашық жариялаған қырғыз журналисін Қырғызстан билігі қамауға алып, баспасөздегі еркіндікке кезекті мәрте кері қадам жасады. Кейіннен бір топ қырғызстандық тілшілер қамауға алынған журналиске бас бостандығын талап етіп, үкіметке үн тастаған.

Жалпы алғанда, Қытайдағы аз ұлттардың жергілікті билік тарапынан қысым көріп жатқандығы жөнінде осыған дейін халықаралық БАҚ беттерінде сан мәрте айтылып келеді. Ресми Бейжің өзіне тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарып, саяси үйрену орталықтарындағы адамдардың барлығы өз еркімен барғандығын алға тартып келеді. Болжам бойынша, қазіргі таңда Қытайдағы саяси үйрену лагерьлерінде бір миллионға жуық адам бар.

Қытай үкіметі тұрғындарына Facebook, YouTube, Whatsapp сынды халықаралық мобильді қосымшаларды қолдануға түбегейлі шектеу қойып, тәуелсіз ақпараттың жоқтығын дәлелдеп келеді. Осы ретте "баспасөзі шектелген мемлекет басқаларға қандай еркіндікті үйретпек?" - деген сауал туындайды.

"The Qazaq Times"