Бір күн бұрын, АҚШ, Аустралия, Жапония және Оңтүстік Корея төрт ел Тынық мұхиттың батыс жағалауындағы алғашқы бірлескен әскери оқу жаттығуларын бастады. Бірқатар елдің халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшылары кезекті әскери жаттығу АҚШ-Қытай қарым-қатынасына кері әсерін тигізіп, өңірде әскери әрекеттердің жиілігін арттыруы мүмкін деп алаңдайды.
6 күнге жалғасатын жаттығуға АҚШ-тың Гуам аралындағы Тынық мұхит қолбасшылық штабына қарасты ірі соғыс кемелері тартылған. Сонымен бірге Жапонияның екі жойғыш кемесі, Аустралияның екі фрегаты, Оңтүстік Кореяның бір жойғыш кемесі, сондай-ақ төрт елден 3 мыңнан астам жауынгер қатысқан.
АҚШ әскери шенділерінің кезекті жаттығу туралы берген мәліметінде, Азия-Тынық мұхит аймағының қауіпсіздігіне деген қажеттілік, төрт елді ортақ мүддеге қарай біріктірді деп бағалаған. Былайша айтқанда, аталған елдерді Қытайдың осы аймақтағы әскери кеңеюіне қарсы күресу төрт елдің әскери ынтымақтастығын қалыптастырып келеді. АҚШ тарабы өзінің Азия-Тынық мұхиты аймағындағы одақтастарын Қытайдың әскери кеңеюіне қарсы күресте бар күшін салып қолдап келе жатқаны белгілі.
Дегенмен, "Рейтер", "VOA" ақпарат агенттіктерінің хабарларында, бұл реткі әскери жаттығудың АҚШ пен Қытай қарым-қатынасына тигізетін жағымсыз ықпалдары да бар. Сәрсенбі күні, АҚШ Теңіз күштеріне қарасты екі әскери кеме Тайуан суарында шарлау жүргізген. Тайуан тарабы АҚШ-тың халықаралық су жолдарының жалпыға бірдей ашықтығын қамтамасыз ететін мұндай әрекеттерді қолдайтынын білдірген. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, бұл әрекет Бейжіңнің наразылығын күшейтеді. Себебі, қазір АҚШ-Қытай арасындағы сауда соғысы екі ел қатынасын салқындатып тұр.
Бұдан сырт, Бейжің Тайуанды ҚХР-ның бір провинциясы ретінде таниды, әрі Тайуанға қарсы әскери, саяси қысымды күшейтіп келеді. Қытай үкіметінің халықаралық саяси аренадағы ықпалының артуына ілесе, Тайуанның дербестігін мойындайтын елдердің қатары жылдан жылға азайып барады. Құрама Штаттың өзі де Тайуанды ресми үкімет ретінде тани бермейді. Тікелей дипломатиялық қарым-қатынас та орната алмайды. Дегенмен, Құрама Штатта қабылданған заңға сәйкес, Тайуанның қорғаныс саласын дамытуына қолдау көрсете алады. 2015 жылдан бері қарай АҚШ Тайуанға 15 млн АҚШ доллары көлеміндегі қару-жарақ сатып берген.