Кеше, 6 мамыр күні Қытайдың Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, АҚШ және Ресеймен ядролық қарусыздану туралы жаңа келіссөз жүргізу туралы ұсынысты қабылдай алмайтынын, ядролық қарусыздану туралы үшжақты келіссөзге қатыспайтынын жеткізді.

Қытайдың СІМ өкілі Гың Шуаң дүйсенбі күнгі баспасөз мәслихатында, Қытай билігі кез-келген елдің Қытайдың қару-жарағын бақылауына қарсы екенін, ядролық қарусыздану ісін ірі ядролық арсеналға ие елдер арқылы жүзеге асыру керектігін айтқан.

Өткен аптада АҚШ президенті Трамп пен Ресей президенті Путин телефонда ядролық қару туралы жаңа келіссөз жүргізу туралы талқылаған. Сөйлесу кезінде ядролық қару туралы жаңа келіссөзге Қытайды да қатыстыру туралы көзқарастарын ортаға салған. Қазір Ресей, АҚШ және Қытай әлемдегі ең ірі ядролық держава саналады. Үш ел арасында ядролық қаруды қысқарту немесе ядролық қарусыздану туралы келісссөздердің болуы әлем үшін аса маңызды.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін ядролық қаруды қысқарту туралы ең ірі әрі маңызды келісім Ресей мен АҚШ арасында 2011 жылы жасалды. Бұл келісім стратегиялық қаруларды шектейтін ең жаңа шарт ретінде 2021 жылға дейін жарамды шарт болып саналады. Егер тараптар келісімін беріп жатса келісім жалғасты 5 жылға ұзартылмақ.

Ал, биыл 1 ақпан күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен жасасқан 30 жылдық тарихы бар орта қашықтыққа ұшатын зымырандарға қатысты келісімді тоқтататынын мәлімдеді. Келесі күні Құрама Штат аталған келісімнен толықтай шығып кетті. АҚШ-тың НАТО-дағы одақтастары Трамптың шешімін «Толық қолдайтынын» білдірді. Ақ үй көп уақыттан бері Ресейді қол қойған келісімге қайшы қадамдар жасап, АҚШ және оның одақтастарына қатер төндіретін зымырандар мен жүйелерді жасады және қолданды деп айыптайды.

Құрама Штаттың аталған келісімнен бас тартқаннан кейін, НАТО мүшелері түрлі пікірде болған. Кейін бірлескен мәлімдемеде бір ауыздан АҚШ-тың шешімін қолдап шықты. Олар және Ресейдің кейбір қадамдары НАТО-ға мүше Еуропа елдерінің қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр дегенді алға тартқан. Екі жақты келісімнің ережесіне сай, егер бір тарап келісімнен бас тартса, 6 айдан кейін келісім толықтай күшін жояды. Осыған байланысты, НАТО мүшелері Ресейден алты ай ішінде келісімді өлтірмей сақтап қалуға, АҚШ-пен жаңа келісім түзуге күш салуын өтініш еткен.

Дегенмен, Ресей тарабы қатқыл жауап беріп отырғаны байқалады. Мәскеу бұл туралы мәлімдемесінде, АҚШ-тың аталған келісімнен біржақты шығып кетуі Ресейді өз қауіпсіздігін қорғаудың жаңа шараларын жасауға мәжбүрлейтіні айтқан. Ал, Қытайдың стратегиялық қарулар туралы жаңа келіссөзге қатысқысы келмеуі де мәселені қиындатып жібермек. Бұл шын мәнісінде әлемнің болашақ қауіпсіздігі мен бейбітшілігіне тікелей қатысты деуге болады.

“The Qazaq Times”