Бір күн бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео АҚШ-тың соңғы кездегі сыртқы саясаттағы жасап жатқан қадамдары туралы ашыла айтты. Ол сұхбатында Венесуэла президенті Николас Мадуроның биліктегі санаулы күндері қалғанын жеткізген. Әрі, Венесуэла ісіне Құрама Штаттың араласып отырғанын растаған.
Өткен аптада оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо Мадуроның билігін аударып тастауға әрекет еткен, алайда бұл әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Оның нәтижесінде, оппозиция мен қарулы күш арасында қақтығыс орын алған еді.
«Мадуро өзінің қазіргі лауазымының сақталып қалатынына сене алмайды», – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы Fox News арнасының «Sunday News Show» бағдарламасына берген сұхбатында. Ол сөзінде Мадуроның биліктегі санаулы ғана күні қалғанын айтқан, бірақ Мадуро билігінің қай күні құлайтынын немесе қашан биліктен кететінін ашып айтпаған.
Помпео өткен аптадағы қарсылық шаралары тікелей Мадуроны биліктен құлатуға бағытталғанын растаған. Өткен аптадағы қақтығысқа байланысты кейбір халықаралық ықпалды басылымдарда түрлі мәліметтер тарады. Соның бірінде Венесуэла оппозициясының мақсатына жете алмауына АҚШ барлау қызметкерлерінің сәтсіз әрекеттері себеп болды делінген.
Майк Помпео бұл көзқарасты жоққа шығарғанымен, Венесуэла оппозициясының Мадуро билігін құлатуға деген құлшынысын жоғары бағалаған. Әрі, Ресей, Куба және Иранды Мадуро билігін қолдауды тоқтатуға шақырған. «Америка Құрама Штаттары Венесуэла халқының демократияны қалпына келтіру күресін табанды қолдайды», – дейді Майк Помпео.